Без рубрикиЕрекшеЖаңалықтар

Іздеуде жүрген букмекер Бас прокурордан көмек сұрайды

Халықаралық іздеуде жүрген StavkaBet букмекерлік кеңсесінің негізін қалаушы Нұрдәулет Сейсенбаев әлеуметтік желілерде өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, Қазақстан Бас прокуратурасына ашық түрде үндеу жасады. Оның бейнеүндеуі EGOV.PRESS телеграм-арнасында жарияланды, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media.

СЕЙСЕНБАЕВТЫҢ УӘЖІ

Қазақстанда Нұрдәулет Сейсенбаевқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылған. Оған қатысты қылмыстық іс 2018 жылы қозғалған. Бейнеүндеуінде ол StavkaBet компаниясының ресми заңды тұлға болғанын, мемлекетке 600 миллион теңгеден астам салық төлегенін атап өтіп, кәсіпорын қызметінде қылмыстық топқа тән белгілер болмағанын мәлімдеді.

Сейсенбаевтың айтуынша, тергеу барысында оған пара беру жөнінде ұсыныс жасалды. Бұған жауап ретінде ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арыз түсірген. Алайда бұл қадам еш нәтиже бермеген соң, елден кетуге мәжбүр болған. Осыдан кейін оған халықаралық іздеу жарияланып, Грузия аумағында ұсталғанымен, экстрадиция жүзеге аспаған. Нәтижесінде Сейсенбаевқа саяси баспана берілді.

АЙҒАҚТАР ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН БА

Қазақстанда StavkaBet ісі сотқа дейін жетіп, компания қызметкерлері нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал Сейсенбаевтың сөзінше, бұл істе экономикалық сараптама мен куәгерлер айғақтары қолдан жасалды. Сонымен қатар, аталған іс бойынша басты тергеуші StavkaBet-тен тәркіленген жабдықты заңсыз сатып жібергені үшін ұсталған. Оның көмегімен астыртын кассалар ашылып, солардан табыс тапқаны да айтылып отыр.

Нұрдәулет Сейсенбаев Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Берік Асыловқа ресми түрде жүгініп, заңнамадағы өзгерістерге байланысты заңды тұлғалар ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде танылмайтынын ескеруді сұраған. Оның айтуынша, заңды тұлғалардың ұйымдасқан құқықтық құрылымы мұндай айып тағуға негіз бола алмайды.

Сейсенбаевты Грузияда өткен әзілкеш Александр Меркуляның концертінде байқаған. Әлеуметтік желі қолданушылары халықаралық іздеуде жүрген адамның қоғамдық іс-шараларға еркін қатысып, өзіне тағылған айыптар жөнінде ашық пікір білдіруін ерекше назарға алды.

Back to top button