ЕрекшеЖаңалықтар

Орталық Азияға қарсы аузына келгенін айтқан Соловьев эфирден жоғалып кетті

Орталық Азия елдері мен Арменияға қарсы «арнайы әскери операция» өткізуге шақырған ресейлік пропогандашы Владимир Соловьёв эфирден жоғалып кетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьёв соңғы күндері әдеттегі эфирлерден көрінбей қалды. «Россия-1» арнасындағы «Вечер с Владимиром Соловьёвым» бағдарламасының орнына сериал көрсетіліп жатыр. Ал «Комсомольская правда» радиосындағы таңғы эфирлерді басқа журналистер жүргізе бастаған.

Осы жайттан кейін әлеуметтік желілерде Соловьёвті эфирден әдейі алып тастады ма деген сауал қызу талқыланды.

Ресейдің бірқатар БАҚ-тары тележүргізушінің қызметтен кетуі мүмкін екенін жазды. Мұндай мәселе шынымен көтерілгенімен, соңына дейін жетпегені айтылады. Кей деректер бойынша, кадрлық шешімді РФ президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Алексей Громов тоқтатқан.

Жанжалға Соловьёвтің Армения мен Орталық Азия елдерінде «арнайы операция» жүргізілуі мүмкін деген даулы мәлімдемелері себеп болған. Ол өз бағдарламасында Орталық Азияны «біздің аймақ» деп атап, Ресей «ықпал аймағындағы» басқа өңірлерде де «СВО» – арнайы әскери операция бастауы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Сонымен бірге Армениядан айырылу және Орта Азиядағы тұрақсыздық (автор қолданған тұжырым) ел үшін «алып проблемаға» айналуы ықтимал екенін де атап өткен.

Кейін Ресей сыртқы істер министрлігі тарапынан бұл сөздерге қатысты елеулі сын айтылды. Дипломаттарға көпшілік алдында түсініктеме беріп, тележүргізушінің мәлімдемесі Кремльдің ресми бағытын білдірмейтінін жеткізуге тура келді. Ведомствоның ресми өкілі Мария Захарова да пікір білдіріп, бұл — журналистің жеке арнада сұрақ түрінде айтқан пікірі ғана екенін, ал Ресейдің ресми ұстанымын тек уәкілетті мемлекеттік өкілдер ғана жариялай алатынын атап өтті.

Алайда Соловьёвтің эфирден жоғалу себебі әзірге нақты белгісіз. Медиасалада жоспарлы үзіліс, өзге жобалармен айналысу, сондай-ақ арна ішіндегі кадрлық өзгерістер сияқты түрлі нұсқа айтылып жатыр. Денсаулығына байланысты мәселе болуы мүмкін деген болжам да жоққа шығарылмайды, бірақ оны растайтын ресми дерек жоқ.

Back to top button