ЕрекшеПікір

«Өз елімді өзіме қалдырыңыз»: Батыс гуманизмнің шегін белгіледі

Батыс елдеріндегі көші-қон мәселесі кейінгі жылдары ең үлкен саяси тақырыптардың біріне айналды. Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, гуманизм қағидасына сүйенген жүйе алғашында жұмыс істегенімен, мигранттар саны миллиондарға жеткенде бұл саясат қоғамның өз ішінде қарсылық тудыра бастаған. Осы талқы аясында АҚШ-та да бақылауды күшейту үрдісі байқалып, бірқатар мемлекет азаматтарының иммиграциялық өтініштерін қарау уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұл тақырыптағы пікірін Алмас Чукин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Батыста миграция мен гуманизмнің тепе-теңдігі бұзылды

Алмас Чукиннің айтуынша, иммиграция тақырыбы бүгінгі Батыс саясатының негізгі күн тәртібіне айналып, тіпті Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына да әсер еткен басты факторлардың бірі болған. Оның сөзінше, ұзақ жылдар бойы Еуропада босқындарға «бейбіт әрі бақытты өмірге мүмкіндік беру керек» деген гуманистік көзқарас үстемдік еткен. Алайда мигранттар саны көп болмай тұрғанда ғана жүйе белгілі бір деңгейде жұмыс істеп келді, ал мәселе миллиондарға ұласқанда жағдай күрт қиындай түсті. Экономист ЕО-ның шекаралық елдері, әсіресе Италия, мигранттар ауыртпалығын әділ бөлісуді талап етіп, тағдыры шешілмей жатқан адамдарды Еуропаның өзге мемлекеттеріне көшіру туралы мәселе көтергенін айтады. Бірақ Венгрия мен Латвия секілді елдер мұндай «ынтымақтастықтан» бас тартып, ортақ жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан.

Чукиннің пайымдауынша, қазіргі еуропалық жүйе гуманистік заңдарға құрылғандықтан, Италия жағалауына табаны тиген адамды «бірден кері Африкаға қайтара салу» мүмкін емес. Оның үстіне, қай елге жөнелту керектігі де түсініксіз: мысалы, Сомали азаматы алдымен Мысырға немесе Ливияға жетіп, содан кейін қайықпен Сицилияға өтуі мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекет оның өтінішін қарап, туған елінде өміріне қауіп бар-жоғын анықтауға тиіс, ал экономикалық қиындық пен кедейлік босқын мәртебесін беруге себеп саналмайды.

Сарапшы миграциялық рәсім айлар мен жылдарға созылған сайын, бұл адамдар ел ішінде «тарап кетіп», күнкөрісін тауып, балаларын мектепке беріп, қажет болса ауруханаға түсе бастайтынын айтады. Кейін оларды табу, ресми шешім шығару, депортациялау немесе заңдастыру мемлекет үшін үлкен жүкке айналады. Экономист нақты мысал ретінде Сириядан Еуропаға миллионнан астам адамның келгенін, тағы шамамен сонша адамның Түркиядағы лагерьлерде қалғанын атап өтеді. Осы жерде Алмас Чукин миграциялық мәселенің түпкі өзегін қоғамның өз мүддесімен байланыстыра отырып түсіндіреді және пікірін мынадай мазмұнда түйіндейді:

«Бұл осылай жалғаса алмайды. Гуманизм екі жаққа да жұмыс істеуі керек. Өз үйінде тұрып жатқан халықтардың да өз үйіне, өз өміріне құқығы бар. Егер өзге мәдениет өкілдерінің бақылаусыз ағымы оларды сіңіру қабілетінен асып кетсе, ұлттық мемлекет кем дегенде көпұлттыға айналады. Еуропалықтар америкалануға немесе канадаға ұқсап кетуге дайын емес», – дейді ол.

Экономистің сөзінше, бұл жерде тек мәдени сәйкестік емес, әлеуметтік-экономикалық күйзеліс те үлкен рөл атқарады. Оның айтуынша, жергілікті тұрғын жұмысынан айырылып, ал мигрант сол жұмысқа орналасса, жергілікті азамат «иммиграцияға қарсы» партияларға дауыс беруге бейім болады. Сонымен бірге Чукин Батыстың физикалық тұрғыдан әлемдегі барлық босқынды қабылдай алмайтынын ашық айтады.

АҚШ-та да жүйені реттеу басталды: 75 елдің өтініші уақытша тоқтады

Экономистің сөзінше, АҚШ-тағы жағдай біршама бөлек. Бұл ел әрдайым өзін иммигранттар құрған мемлекет ретінде танытып, жыл сайын жоспарлы түрде миллиондаған адамды қабылдап келді. Тіпті қоныс аудару құқығына арналған арнайы лотерея енгізілгені де белгілі. Чукин жоспарлы иммиграция бойынша квота мен рәсім бар екенін, сондай-ақ отбасы біріктіру, туыстарды шақыру бағытында да белгілі бір лимиттер қарастырылғанын атап өтеді.

Дегенмен миллиондаған адам заңды жолмен келудің орнына «терезеден кіруді» таңдап, яғни шекараны заңсыз кесіп өтіп немесе туристік визамен келіп, кейін кері қайтпай қалып жатады. Мұндай адамдар кейін заңдастыруды сұрағанда, Еуропадағыдай ұзақ әрі күрделі процесс басталады. Бұдан да ауыр мәселе – бұрынғы амнистиялар мен кейбір уақытша жеңілдіктердің салдарынан көптеген адам АҚШ-та ұзақ жыл өмір сүріп, олардың балалары сол елде өсіп-жетілді.

Экономист бұл жағдайдың әлеуметтік-психологиялық қақтығысқа ұласатынын нақты мысалмен сипаттайды: тіл мен мәдениет жағынан америкалық болып қалыптасқан 18 жастағы жасөспірімді ешқашан көрмеген Гватемалаға депортациялау әділетті ме деген сұрақ туындайды. Алмас Чукиннің пайымынша, осы жағдайда Дональд Трамп шекара мен ішкі тәртіпті күшейтуге кіріскен. Бұл, негізінен – дұрыс бағыт. Алайда ол алдымен заңнаманы реформалағаны дұрыс болар еді деп есептейді, себебі қазіргі таңда Трамп көбіне ықпалы шектеулі жарлықтарға сүйеніп отыр.

Жақында АҚШ мемлекеттік департаменті жаңа «тоқтату» режимін енгізіп, 75 ел бойынша иммиграциялық өтініштерді қарауды уақытша тоқтатты. Бұл қарапайым қысқа мерзімді визалар емес, дәл иммиграциялық өтініштерге қатысты шешім. Чукин бұл шараның басты жаңалығы «импортталатын адамдардың» сапасын жақсарту міндеті екенін айтып, жаңа сүзгі енгізілмек екенін көрсетеді. Оның сөзінше, енді әлеуетті иммигранттың АҚШ бюджеті мен әлеуметтік жеңілдіктер жүйесіне салмақ түсіре ме, әлде керісінше пайдалы бола ма — соны бағалау қажет болады. Бірақ оны қалай анықтайтыны әзірге беймәлім. Критерийлер әртүрлі болуы мүмкін: денсаулық жағдайы, біліктілігі, жасы немесе тіпті қаржылық мүмкіндігі.

Сарапшы бұл тізімге енген елдердің азаматтарына жанашырлық білдіреді. Әсіресе лотерея жеңімпаздары ішінде рәсімді аяқтап үлгермей, бірақ көшіп кетуге дайындалып қойған адамдар қиын жағдайда қалуы мүмкін: мүлкін сатып, жиналып, жұмыстан шығып қойғандар бар. Сонымен қатар жұмыс тауып, кетуге қамданғандар, отбасылар мен балалар үшін де бұл кезең оңай болмайды.

Экономист бұл өзгерістердің алдында – маусым және желтоқсан айларында – АҚШ-қа мүлде кіре алмайтын елдер тізімі бекітілгенін де еске салады. Оның айтуынша, бұл тізім бойынша алаңдаушылықтың белгілі бір бөлігі түсінікті: құжаттарда «қайтып келмеу» көрсеткіштері келтіріледі және кейбір елдердің азаматтарының 30%-ға жуығы АҚШ аумағында «із-түзсіз қалып қояды», яғни «мәңгі туристке» айналады.

Сөз соңында Алмас Чукин Еуропадағы ұлттық мемлекет мәселесін жеке бір мысалмен нақтылайды. Ол австриялық азаматпен әңгімесінде әлгі адамның Түркияның ЕО-ға кіруіне қарсы болғанын айтады: халық саны 9 миллион ғана Австрияға 86 миллион халқы бар Түркиядан 10% көшіп келсе, Австрия «Австрия» болудан қалады деген уәж келтірілген. Экономист бұл пікірді ұлттық болмысты сақтау құқығы тұрғысынан келтіріп, «Түркия — Түркия болып, Австрия — Австрия болып қалсын» деген ұстанымды жеткізеді.

Back to top button