Қазнетте ауруханаға жүгінгеннен кейін 20 жастағы қыздың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Қайғылы оқиға Талғар қаласында болған, деп хабарлайды Tizgin.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
ҚЫЗ ҚАШАН ҚАЙТЫС БОЛҒАН
Оқиғаның мән-жайын медициналық мекеме әкімшілігі мен полицияның баспасөз қызметі мәлімдеді. Талғар орталық аудандық ауруханасы дерегінше, марқұм шынымен де медициналық ұйымның қабылдау бөліміне жүгінген. Оған қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес медициналық көмек көрсетілген.
«Осыдан кейін пациент қанағаттанарлық жағдайда туысының демеуімен медициналық мекемеден шыққан», – делінген «Талғар орталық аудандық ауруханасының» баспасөз қызметі мәліметінде.
Алайда сол күні, 2026 жылғы 10 қаңтарда қыз өз үйінде қайтыс болған.
«Қайтыс болу фактісін жедел қызмет өкілдері үйінде тіркеді», – деп нақтылады дәрігерлер.
Аухана мәлімдемесіне зер салсақ, алдын ала сот-медициналық сараптама деректеріне сәйкес, өлім жедел тамыр жағдайы салдарынан – жүрек тампонадасымен асқынған қолқаның көтеріле шығатын бөлігінің (доғасының) қабаттаса жыртылған аневризмасы нәтижесінде болған.
Өлімнің нақты себебі заңда белгіленген мерзімде сот-медициналық сараптаманың барлық кезеңі аяқталғаннан кейін анықталады, – делінген ақпаратта
ТЕРГЕУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Сонымен қатар адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгені хабарланды. Сотқа дейінгі тергеу аясында уәкілетті органдар барлық мән-жайды, соның ішінде медицина қызметкерлерінің әрекеттерін жан-жақты әрі объективті түрде тексеріп жатыр.
«Тергеу мен сараптама шаралары бітпей тұрып, қандай да бір қорытынды жасап, жария мәлімдеме таратуға ерте», – делінген хабарламада.
Ал Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі қазір кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында медициналық қызметкерлердің медициналық көмекті тиісінше көрсетпеу дерегі бойынша да тиісті тексеру жүргізіледі. Тергеу жалғасып жатыр», – деп атап өтті ведомствода.
Айта кетейік, 2025 жылдың соңында Орал қаласындағы бір отбасы туысы ауруханада қайтыс болғаннан кейін 3 млн теңгеден астам өтемақыны сот арқылы өндіріп алғаны хабарланған болатын.