Ерекше

Қазақстанда желтоқсанда ең жоғары жалақыны кімдер алды

Ең жоғары жалақы өндіріс басшыларына ұсынылған – шамамен 1,8 млн теңге, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

МИНИСТРЛІК МӘЛІМЕТІ

Өткен жылғы желтоқсанда Қазақстанның электронды еңбек биржасында жұмыс іздеушілер көрсеткен ең жоғары жалақы күтімі 3,4 млн теңгеге дейін жетсе, жұмыс берушілер айына ең көбі 1,8 млн теңге ұсынған. Осыған байланысты еңбек нарығында айқын теңгерімсіздік қалыптасты: бос жұмыс орындарының саны түйіндемелер санынан едәуір асып түсті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Желтоқсан айында жұмыс берушілер 109,6 мың вакансия жариялаған, ал жұмыс іздеушілер 71,5 мың түйіндеме орналастырды. Бір ай ішінде бос орындар саны шамамен 8,5 мыңға артса, түйіндемелер саны 30 мыңға жуық қысқарған. Нәтижесінде жыл соңына қарай жұмыс күшіне сұраныс ұсыныстан шамамен 38 мың орынға асып түсті.

Ең жоғары жалақы өндіріс басшыларына ұсынылған – шамамен 1,8 млн теңге. Сондай-ақ көшбасшылар қатарында кеніш директорлары мен химия инженерлері бар. Оларға ұсынылған жалақы мөлшері шамамен 1 млн теңгені құраған.

Ал жұмыс іздеушілердің жалақыға деген талабы әлдеқайда жоғары болып шықты. Ең үлкен сомаларды агроном-энтомологтар (шамамен 3,4 млн теңге), бортсеріктер (шамамен 3,3 млн теңге) және компьютерлік жабдықтарды монтаждаушылар (шамамен 2,7 млн теңге) көрсеткен.

Негізгі сұраныс әлеуметтік және базалық салаларға тиесілі. Жұмыс берушілер ең көп вакансияны мына салаларда жариялаған:

  • білім беру саласында – 23,3 мың,
  • өзге қызметтер секторында – 23,2 мың,
  • ауыл, орман және балық шаруашылығында – 18,7 мың.

ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР ДЕНІ НЕШЕ ЖАСТА

Жалпы алғанда, бұл бағыттар желтоқсан айындағы барлық вакансияның шамамен 60%-ын қамтыды. Сонымен қатар денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, сауда және құрылыс салаларында да сұраныс жоғары.

Жұмыс іздеушілер арасында ең жиі түйіндеме жариялағандар – бухгалтерлер (1463), мейірбикелер (1181) және заңгерлер (1132). Әйелдер мен ерлердің белсенділігі қарайлас: түйіндемелердің 52,1%-ын әйелдер, 47,9%-ын ерлер орналастырған. Жұмыс іздеушілердің негізгі бөлігін 35 жасқа дейінгі жастар құрады – 40,8%, оның ішінде 24 жасқа дейінгілер – 15,2%. Одан кейін 35-44 жас аралығындағы үміткерлер (29,9%), 45-54 жастағылар (19,1%) мен 55 жастан асқандар (10,2%) орналасқан.

Сарапшылар вакансиялар мен түйіндемелер арасындағы мұндай айқын алшақтықты жылдың аяқталуымен байланыстырады. Жұмыс берушілер, ең алдымен, экономиканың негізгі салалары үшін қызметкерлер іздеуді жалғастырса, көптеген жұмыс іздеуші жұмыс орнын ауыстыруды 2026 жылдың басына қалдырған. 

Back to top button