Бектенов энергетика саласы басшыларына кабинеттен шығып жұмыс істеуді тапсырды
Премьер-министр бүгін өткен жиында энергетика саласындағы динамиканың төмендеп кеткендігіне тоқталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
АҚҚЕНЖЕНОВТІҢ АЙТҚАНЫ
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандағы энергия тапшылығы мәселесін шешу үшін жаңа қуат көздерін генерациялау бойынша өткен жиналыста энергетика саласындағы қажетті динамика жоқтығын атап өтті. Ресми ақпаратпен үкіметтің баспасөз қызметі өкілдері бөлісті.
Энергетика министрі Ерлан Аккенженов ведомство ірі инвестициялық жоспарды практикалық іске асыру кезеңіне көшкенін жеткізді. Қазір 81 жобамен жұмыс жүргізілуде, олардың жалпы қуаты – 15,3 ГВт, ал жалпы инвестиция көлемі 13 трлн теңгеден асады.
«Қазір жүзеге асырылып жатқан нысандардың іске қосылуы 2027 жылғы бірінші тоқсан соңына дейін экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және Қазақстанды энергия тапшылығы бар ел мәртебесінен шығарады», – деп сендірді Ерлан Аккенженов.
КЕМШІЛІКТЕРГЕ КІМДЕР ЖАУАПТЫ
Премьер-министр жобаларды іске асыру мерзімін созу тәжірибесін сынға алды. Ол президент бірнеше рет энергетика саласында қажетті динамика жоқтығын атап өткенін еске салды.
«Барлық жоспарланған жоба белгіленген мерзімде іске асырылуы тиіс. Кез келген кешігуге жол берілмейді. Министр, «Самұрық-Энерго» мен KEGOC басшылары, әр нысан үшін сіздер жеке жауаптысыздар. Сіздердің орныңыз – кабинетте емес, құрылыс алаңында», – деді Олжас Бектенов.
Жиналыста саланың негізгі көрсеткіштері мен даму жоспарлары да қаралды. Соңғы екі жылда толықтай жөндеуге 902 млрд теңге жұмсалды. Бұл апаттылықты 27%-ға төмендетуге және тоғыз ЖЭО-ны «қызыл» аймақтан шығаруға мүмкіндік беретін көрінеді.