ЕрекшеҚоғам

“Не атақ алғанын өздері де білмейді”. Депутат ақшаға сатылатын атақтарға тыйым салуды талап етті

Мәжілісмен сөзінше, мұндай атақтар 20-100 мың теңге аралығында сатылып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

ДЕПУТАТ НЕ АЙТТЫ

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қазақстанда атаққұмарлық ауыр дертке айналып бара жатқанын мәселе етіп көтерді. Оның айтуынша, қоғамдық ұйымдар түрлі атақ, медаль, орден беруді кәсіпке айналдырып, шүлен таратқандай оңды-солды үлестіріп жүр.

“Мәселен, “Қазақстанның құрметті азаматы” төсбелгісі, “Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері” медалі және “Ұлт ұстазы” дейтін атақтар кейбір деректерге қарағанда, ашық не жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланады екен. Пысықай ұйымдар кәдімгі зәулім  ғимараттарды жалға алып, ақшасы бар кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін қызыл кілем төсеп, сахнаға салтанатты түрде  тұрып марапаттайды. Өздері  мәз. Шын мәнінде не атақ алып жатқанын өздері де білмейді”, – деді депутат. 

“МҰҒАЛІМДЕР МАРАПАТ ЖИНАП ЖАРЫСУДА”

Мәжіліс өкілі көптеген дамыған елдерде мемлекеттік марапаттар – заңмен қорғалатын институт екенін алға тартты. Атақтар мен наградалардың критерийі нақты белгіленіп, рәсімделуі ашық түрде жүзеге асады. Бұл жүйе награданың беделін сақтауға, заңсыз саудаға жол бермеуге, қоғамда әділдік пен моральдық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

“Ал біздің елде ше? Қалтасында қаржысы немесе танысы бар кез келген адам қоғамдық ұйым ашып алып, атақ таратумен айналыса алады. Ең қауіптісі – бұл “марапат бизнесінің” ең алдымен мектептерге енуі. Бүгінде ұстаздың кәсіби деңгейі нақты нәтиже мен білім сапасымен емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы өлшенетіндей жағдайға жеттік. Соның салдарынан мұғалімдер оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда бір-бірімен жарыса бастады”, – деді Мақсат Толықбай. 

Бұл ретте ол Қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және өзге де құқықтық шараларды жүйелі түрде қолдану, жауапты тұлғалардың әрекетіне нақты құқықтық баға беруді ұсынды.

Back to top button