ЕрекшеЖаңалықтар

Қазақстанда 2025 жылы 17 млн адам айыппұл төледі

«Әділдік жолы» қорының жетекшісі Дидар Смағұлов Қазақстанда айыппұл саны жыл сайын артып келе жатқанын айтып, 2025 жылы бұл көрсеткіш кезекті рекорд жаңартқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, былтыр 17 076 485 адам айыппұлға тартылып, мемлекет 315 626 065 627 теңге өндіріп алған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Дидар Смағұловтың айтуынша, 2024 жылы айыппұлға тартылғандар саны 14 653 448 адам болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 17 076 485 адамға жеткен. Осылайша, бір жыл ішінде өсім 16,5% болған.

Смағұлов айыппұл сомасы да артқанын атап өтті. Дерегінше, 2024 жылы алғаш рет 300 млрд теңгеден аса айыппұл “жиналған”, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,7%-ға өсіп, жалпы көлемі 315 626 065 627 теңгені құраған. Осы тұста ол қазіргі жүйе ел экономикасындағы «ең тиімді сала» ретінде айыппұл өндірісін алға шығарып отырғанын әзілмен жеткізді.

Сонымен қатар қор жетекшісі мемлекет айыппұл механизмдерін қайта қарауы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, жазаның негізгі мақсаты — тәрбиелеу, алайда бұл функция толық орындалмай отыр. Дидар Смағұлов кейбір бағыттарда, әсіресе жол қозғалысы ережесін сақтау саласында бақылауды күшейту орынды екенін де жоққа шығармады. Ол мұндай жағдайларда қосымша камералардың қажет болуы мүмкін екенін айта отырып, жолдағы жауапсыз әрекеттердің қоғамға қауіпті екенін еске салды.

Алайда қоғамдық резонанс тудыратын бірқатар шектеулерге де тоқталды. Оның пікірінше, таза әрі қолайлы ауа райында, бос автобанда көлікті 60 км/сағ жылдамдықпен жүргізуге мәжбүрлейтін талаптар сұрақ тудырады.

Соңында ол жаңа Салық кодексі 2026 жылы айыппұл көлемінің одан әрі күрт өсуіне алып келмесе екен деген үмітін білдірді.

Back to top button