Атырауда жасөспірім өлімінен соң қылмыстық іс қозғалды
Атырау қаласындағы спорт залдардың бірінде 13 жастағы жасөспірім есінен танып, қайтыс болды, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты Атырау облыстық білім басқармасы растады. Соған сүйенсек, жасөспірім жедел жәрдем бригадасы жеткенше көз жұмды. Ол AiRom баскетбол академиясының тәрбиеленушісі болған.
Жаттықтырушылар құрамы дереу алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жедел жәрдем шақырып, ата-анасына хабар берді. Медициналық бригада оқиға орнына тез арада жетті. Анықталғандай, кәмелетке толмаған бала 2024 жылдан бері осы залда үнемі жаттығып жүрген. 2025 жылғы 9 қазанда берілген № 027/у медициналық анықтамаға сәйкес, оған баскетболмен айналысуға рұқсат етілген, ешқандай қарсы көрсетілім болмаған. Жаттығу сабақтары қолданыстағы ваучерлік қаржыландыру аясында қалыпты режимде өткізілген, – деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Ведомствоның ресми мәліметіне сәйкес, Атырау қалалық полиция басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.