Оңтүстік Кореяның экс-президентіне прокурорлар өлім жазасын сұрады
Сеул соты 19 ақпанда Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльдің елде әскери жағдай енгізуге талпынысы бойынша басталған іс бойынша үкім шығарады. Прокурордың арнайы тобы оған өлім жазасын талап етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оңтүстік Корея прокурорының арнайы тобы елде әскери жағдай енгізуге бұған дейін жасаған сәтсіз әрекеті үшін бұрынғы президент Юн Сок Ёльге өлім жазасын сұрады. Бұл туралы 13 қаңтар күні жергілікті Yonhap агенттігі хабарлады.
Айыптау тарапының мәлімдеуінше, Юн Сок Ёль сот және заң шығарушы билікті бақылауына алу арқылы билікті ұзақ уақыт сақтап қалуды көздеген. Арнайы прокурордың көмекшісі істің қорытынды тыңдауында қылмыстың ауыр екенін атап өтіп, «ұлт мүддесіне ғана пайдаланылуы тиіс ресурстардың жұмылдырылғанын» мәлімдеді.
Yonhap дерегінше, прокурордың өтініші оқылған сәтте экс-президент залдан әлсіз жымиып, ал кейбір жақтастары дауыстап боқтап жіберген. Тыңдау шамамен 11 сағатқа созылған. Сот үкімді 19 ақпанда шығаруды жоспарлап отыр.
Бұған дейін, 26 желтоқсанда Сеулдегі осы сотта арнайы прокурор Юн Сок Ёльді «әділ сотқа кедергі келтірді» деген айыппен 10 жылға соттауды талап еткен. Айыптаулар қатарында тергеушілердің қамауға алу әрекетіне қарсы тұру, министрлер кабинетінің бірқатар мүшесінің құқығын бұзу, жалған ақпарат тарату және құпия байланыс құралдарындағы жазбаларды жою фактілері аталған.
Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсанында Юн Сок Ёль бюджет дауына байланысты оппозицияны «мемлекетке қарсы әрекетке барды» деп айыптап, елде әскери жағдай жариялаған. Алайда парламент бұл шешімді бекітпей, келесі күні ол күшін жойды. 14 желтоқсанда оған импичмент жарияланып, 2025 жылдың сәуірінде Конституциялық сот бұл шешімді мақұлдаған. Юн Сок Ёль 2025 жылдың 15 қаңтарында қамауға алынғанымен, кейін босатылып, шілде айында қайтадан тұтқындалды.