“Лукойлдың” Қазақстандағы активтері апта соңына дейін сатылып кетуі мүмкін
«Лукойл» компаниясының шетелдегі активтерін сату мерзімі 17 қаңтарда аяқталады. Reuters агенттігі хабарлауынша, бұл тізімге Қазақстан мен Әзербайжан аумағындағы кен орындары да кіреді. Ал ықтимал сатып алушылар қатарында ірі халықаралық компаниялар аталады, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
ШЕТЕЛДІК БАҚ НЕ ДЕЙДІ
Reuters дерегінше, «Лукойлдың» халықаралық активтері үшін АҚШ-тың Carlyle инвестициялық қоры (оның құрамына Chevron мұнай компаниясы кіреді), америкалық Quantum Capital Group инвесткомпаниясы және БАӘ-де орналасқан International Holding Company холдингі бәсекеге түсіп отыр.
Аталған компаниялар бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Мәмілені жүзеге асыру үшін олар АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасынан (OFAC) рұқсат алуы тиіс.
Агенттік мәліметінше, сатылатын активтердің құрамына Ирак, Әзербайжан және Қазақстандағы кен орындары, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай құю бекеттері кіреді.
МӘСЕЛЕНІҢ МӘН-ЖАЙЫ МЕН АҚШ САЛҒАН САНКЦИЯ
Басылым дереккөздері OFAC қолданыстағы бас лицензияның мерзімін ұзартып, «Лукойл» мен әлеуетті сатып алушылар арасындағы келіссөздерді жалғастыруға мүмкіндік беруі мүмкін екенін атап өтеді. Тағы бір дереккөздің айтуынша, OFAC 17 қаңтарға дейін бір немесе бірнеше сатып алушыға жеке лицензия беру туралы шешім қабылдауы ықтимал.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында АҚШ Қаржы министрлігі «Роснефть», «Лукойл» және осы компаниялардың 34 еншілес құрылымына санкция салған болатын. Кейінірек АҚШ КТК мен «Теңізшевройлға» «Лукойл» және «Роснефтьпен» операциялар жүргізуге рұқсат берді.
Желтоқсан айында Ресей президенті Владимир Путин Rosneft – Shell Caspian Ventures Limited бірлескен кәсіпорнына (Ресейдің «Роснефті» мен Ұлыбританияның Shell компаниясының бірлескен жобасы, Каспий құбыр консорциумындағы үлесі – 7,5%) КТК-дағы өз үлесіне қатысты мәмілелер жасауға рұқсат етті.