ЕрекшеТергеу

«Сталкерді қатаң соттауды сұраймыз» – Шымкентте кісі қолынан кеткен бойжеткеннің туыстары

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы бойжеткеннің ағасы қылмыскерге ауыр жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бойжеткеннің ағасы отбасы қан жылап отырғанын айтады.

“Біз әр жаңалықты оқып отырмыз, қолдау көрсетіп жатқан жандарға рахметімізді айтамыз. Қазір біздің қолдан тек сол (“адамға” деген сөзді айтуға қимай отырмын) максималды срок беру ғана қолымыздан келеді. Қысқаша айтқанда менің қарындасым ең ақылды, сабырлы, тұйық, жас қыз болғандықтан барынша басынған. “Жоқ” деген сөзді түсінбеген. Сталкер болған”, – дейді ол.

Сұлтан Серікбай сол үшін бұл оқиғаны бүкіл жерге таратып, әділ шешім шығу үшін қоғамнан қолдау сұрайды.

“Қазір бізге артық сөз сөйлеуге, жазуға болмайды өйткені кейін арты жақтың адвокаттары тырнақ астынан кір іздейді. “Сот процесі” әділ өтеді деген сенім бар. Бәрімізге сабыр мен жүрек тыныштығын берсін”, – дейді ол.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы жергілікті тұрғынды өлтірді деген күдікті ер адамды ұстаған. Іздеу жұмыстарына қалалық полиция департаментінің жеке құрамы толықтай жұмылдырылған. Қаланың кіреберіс және шығаберіс бағыттарында бақылау күшейтіліп, аумақты жан-жақты тексеру жүргізілді. Күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық жерде анықталып, ұсталды.

Қазіргі таңда 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті марқұммен бұрын таныс болған. Қылмыстың себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізілуде.

Back to top button