Ерекше

Соловьевтің телеарнадағы сөзінен кейін Армения СІМ Ресей елшісін шақыртты

Дүйсенбі, 12 қаңтар күні Армения сыртқы істер министрлігі Ресейдің Еревандағы елшісі Сергей Копыркинді шақырып алып, оған Ресейдің мемлекеттік телеарнасынан айтылған мәлімдемелерге байланысты “қатты наразылық” білдірген нота тапсырды, деп хабарлайды Tizgin.kz azattyq.org-қа сілтеме жасап.

Мұның аталған ақпаратпен Армения СІМ баспасөз қызметінің ақпаратына сүйеніп, Азаттықтың Армян қызметі – Азатутюн радиосы хабарлады. Соған сүйенсек, СІМ ресейлік телеарна бағдарламасынан айтылған сөздер “Армения Республикасының егемендігіне қол сұғу” деп қабылданатынын және “Армения мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынастың іргелі қағидаттарын өрескел бұзатынын” атап көрсеткен.

Бұл дауға Ресейдегі кремльшіл танымал тележүргізушілердің бірі Владимир Соловьевтің авторлық бағдарламасы себеп болды. Өткен аптаның аяғында осы бағдарламада сөйлеген сөзінде автор Украинадағыдай “арнаулы әскери операцияны” басқа елдерде, соның ішінде Арменияда да жүргізуді қолдайтынын мәлімдеген еді. Ресми Мәскеу Украинаға қарсы ашқан басқыншылық соғысты “арнаулы әскери операция” деп атайды.

Бұған қоса Соловьев Ресей АҚШ-тың Венесуэладағы іс-әрекетінен үлгі алуға тиіс деген пікір білдіріп, АҚШ-тың Николас Мадуроны әскер күшімен тұтқынға алуын “халықаралық құқыққа түкіру” деп атаған. Оның сөзінше, Ресей үшін Венесуэладан гөрі, Армения мен Орталық Азия елдерін “айырылу” әлдеқайда ауыр болмақ.

“Халықаралық құқыққа да, халықаралық тәртіпке де түкіріп қой. Егер ұлттық қауіпсіздігіміз үшін Украинада арнаулы әскери операция бастау қажет болған болса, нақ сондай себеппен өз ықпал аймағымыздың өзге нүктелерінде де арнаулы әскери операцияны неге бастамасқа?” – деп мәлімдеген Соловьев.

Владимир Соловьевтің Ресейге көрші немесе ТМД құрамындағы елдерге, соның ішінде Арменияға қатысты қоқан-лоққы көрсету сипатындағы мәлімдемені алғаш рет айтып отырған жоқ. 2024 жылғы наурыз айында Армения билігі ел аумағында ресейлік “РТР-Планета” телеарнасынан көрсетілетін Соловьевтің авторлық бағдарламаларын “үнемі заң бұзатыны үшін” бұғаттаған еді деп жазды Азатутюн.

Back to top button