Қазақстанның геосаясат тұрғысында пікірін жиі жариялайтын сарапшы Ғазиз Әбішев ресейлік пропогандашы Владимир Соловьевтің “арнайы әскери операцияны Орталық Азияда да жалғастыру” жайлы даулы мәлімдемесі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
САРАПШЫ НЕ ДЕЙДІ
Соловьевтің мәлімдемесі Кремльдің АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты әрекеттеріне жанама реакциясы ма («оларға болады екен, демек бізге де болады, біз олардан кем емеспіз»), Орталық Азия мен Кавказға арналған ескерту ме («шектен шықпаңдар, әйтпесе от пен қылышпен келеміз»), әлде Соловьёвтің жеке демаршы ма («қараңдаршы, мен қандай батыл милитариспін, жылы студиядан отырып-ақ»)? Ғазиз Әбішев бұл пікір жөнінде осылай әуелі сұрақ қояды.
“Бәлкім, мұның бәрі де бар шығар. Одақтас елдерге бағытталған мұндай себепсіз, ашық мәлімдемелер мемлекеттер, қоғамдар мен халықтар арасындағы қарым-қатынас этикасын бұзу ретінде қабылдануы мүмкін. Әсіресе этносаралық және мемлекетаралық өшпенділікті қоздыратын риторика айқын түрде өз салдарын беріп жатыр. Геосаяси мүдделерді ашық айту — бір бөлек, бұл қалыпты құбылыс. Ал көршілермен ықтимал әскери қақтығысқа қоғамды алдын ала дайындау — мүлде басқа мәселе.
Ал кейін Қазақстан сияқты елдер Қытаймен, Түркиямен және өзге мемлекеттермен көпқырлы, соның ішінде әскери ынтымақтастықты дамытқан кезде, біртүрлі адамдар пайда болады. Қалай болғанда да, олар Соловьёв тәрізді мәлімдемелерді «естімегендей» кейіп танытып, осы фактілерге жармасады да, былай деп күбірлей бастайды: «бұлар не ойлап жүр, бізге ту сырттан соққы дайындап жатқан жоқ па, неге өзге елдермен бірігеді, қару сатып алады, жаттығулар өткізеді, мұның бәрі не үшін?», – дейді ол.
ӘҢГІМЕ НЕ ЖАЙЛЫ
Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьёв жақында Орталық Азияны «біздің аймақ» деп атап, Ресей өзінің «ықпал ету аймағының» өзге бөліктерінде де «арнайы операциялар» бастауы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Бұл туралы ол өзінің телешоуының эфирінде айтты. «Қажет болса, халықаралық құқықты елемейміз» деді Соловьёв АҚШ-тың басқа өңірлердегі, соның ішінде Венесуэладағы әрекеттеріне Ресейдің ықтимал жауабын сөз ете отырып. Оның айтуынша, Орталық Азия мен Кавказдағы мәселелер Мәскеу үшін Латын Америкасындағы жағдайдан әлдеқайда маңызды. Сонымен қатар ол Армениядан айырылу және Орта Азиядағы тұрақсыздық (тележүргізуші қолданған атау — «Средняя Азия») Ресей үшін «алып проблемаға» айналуы мүмкін екенін ашық айтты.