Әйгерім Ағылтаева Қорғаныс министрінің ресми өкілі атанды
Ол ведомство атынан жария мәлімдемелер жасап, БАҚ-пен өзара іс-қимылға жауапты болады, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
БІЛІМІ МЕН ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Салалық ведомство ақпаратынша, Әйгерім Ағылтаева Қорғаныс министрлігінің коммуникациялар бағытын басқарды және қоғаммен байланыс жөніндегі ресми өкіл қызметін атқаратын болады.
Әйгерім Ағылтаева 1984 жылы дүниеге келген. КИМЭП университетінде халықаралық журналистика мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. Сонымен қатар «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Нью-Йорк киноакадемиясында продюсерлік бағытта оқып, Джорджия университетінде мультимедиялық журналистика бойынша тағылымдамадан өткен.Еңбек жолын «Қазақстан» Ұлттық арнасында редактор болып бастаған. Әр жылдары тілші, редактор, сценарист, тележүргізуші, продюсер қызметтерін атқарды.
«Алматы» телеарнасының ақпараттық бағдарламалар департаменті директоры және бас редакторы болды, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде модератор қызметін атқарды, сондай-ақ «Жетісу» телеарнасы бас директорының орынбасары лауазымында жұмыс істеді.
МӘН-ЖАЙЫ
2025 жылдың жазында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлығымен Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымды 2022 жылдың қаңтарынан бері атқарып келген, 2023 және 2024 жылдары қайта тағайындалған болатын.
Кейінірек Руслан Жақсылықовтың әскердегі тәртіп бұзушылықтар үшін қарамағындағы қызметкерлерді қатаң сынға алғаны қоғамда қызу талқыланды. Аттестациялық комиссия отырысында осы мәселелер талқыланған бейнежазбаны «Қазинформ» агенттігінің Telegram-арнасы жариялаған еді.
Кейін Қорғаныс министрі қызметіне авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов тағайындалды.
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ
Бұдан соң Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановпен кездесіп, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы ведомство қызметінің қорытындыларын талқылады.
Мемлекет басшысы Қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар міндеттер жүктеп, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әскери қызметшілер арасындағы өлім-жітім мен жарақаттанудың алдын алу бойынша кешенді шараларды іске асырудың маңызын атап өтті.