ІІМ-ге қарайтын Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаз қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінен (Тараз қаласы) шақырылған әскери қызметші мерзімді әскери қызметін өтеу барысында медициналық көмекке жүгініп, дәрігерлердің бақылауында болған. Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерде тексеруден өткен.
«2026 жылы 6 қаңтарда мерзімді әскери қызметшінің жүрегі тоқтап қалды. Жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, ол қалалық ауруханалардың бірінде көз жұмды. Алдын ала диагноз — жедел лейкоз. Аталған факт бойынша әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады», — деп хабарлады ведомство.
Істі ішкі істер министрінің орынбасары — ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы жеке бақылауына алған. «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қолбасшылығы мен жеке құрамы орны толмас қайғыға байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады» деп қосты Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.