Бажкенованы қорғаған адвокатты сотқа берген: Әділет министрлігі мәлімдеме жасады
Әділет министрлігі Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованың мүддесін қорғап жүрген адвокат Мұрат Адамды лицензиясынан айыру туралы сотқа талап арыз түсіргенін растады. Министрліктің мәліметінше, адвокат “сотқа дейінгі тергеу барысы туралы бірнеше рет жалған ақпарат таратқан”, деп хабарлайды Tizgin.kz Vlast.kz-ке сілтеме жасап.
МИНИСТРЛІК МӘЛІМДЕМЕСІ
Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Мұрат Адамды лицензиясынан айыру туралы талап арызды Әділет министрлігінің сенімхаты негізінде Алматы қаласының Әділет департаменті 29 желтоқсан күні сотқа жолдаған. Бұған ішкі істер органдарының ұсынысы негіз болған.
«Ведомствоаралық тергеу-жедел тобы материалдарына сәйкес, адвокат қылмыстық іске қатысқан сәттен бастап әлеуметтік желілерде Orda.kz интернет-басылымының бас редакторына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеудің барысы туралы бірнеше рет шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан», – делінген Әділет министрлігінің мәлімдемесінде.
Министрлік өкілдері адвокаттың сотқа дейінгі тергеу органдары мен сотқа қатысты әдейі жалған мәліметтерді жария түрде таратқанын атап өтті. Ведомство бағалауынша, бұл заңнама мен адвокаттардың кәсіби әдеп кодексінің талаптарын өрескел бұзу болып саналады. Әділет министрлігі елде адвокаттық қызмет Әділет министрлігі беретін лицензия негізінде жүзеге асырылатынын еске салды.
«“Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” заңының 44-бабына сәйкес, адвокат кәсіби міндеттерін орындау барысында Қазақстан Республикасы заңнамасын, заң көмегін көрсету қағидаттарын және адвокаттардың кәсіби әдеп кодексін өрескел бұзса, лицензия лицензиардың талап арызы бойынша сот тәртібімен қайтарып алынуы мүмкін», – деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, 5 қаңтар күні адвокат Мұрат Адамға Әділет министрлігі тарапынан оның адвокаттық қызметпен айналысу лицензиясынан айыру туралы талап арыз табысталған. Сот отырысы 14 қаңтар күні сағат 11:30-да Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында өтеді.