ЕрекшеСараптама

Жеңіс Қасымбек қорғаған қоғамдық кеңес «қолбалаға» айналып кеткен жоқ па

Қоғамдық кеңестерді әдетте халық пен билік арасындағы көпір деп атайды. Сөйте тұра оның жұмысына, құрамына сын көп айтылады. Заң оларды «қоғамдық бақылаудың тетігі» деп сипаттайды, бірақ бұл механизм іс жүзінде қаншалықты тәуелсіз жұмыс істеп жатыр? Астанадағы қоғамдық кеңеске қатысты соңғы сын-пікірлер осы сауалды қайта күн тәртібіне шығарды. 

ОЛАР МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚАЛАЙ КӨТЕРЕДІ

Астана қаласы қоғамдық кеңесінің құрамына әуелі былтыр экономист Жанат Нұрғалиев назар аударған. Оның сөзінше, Астана мәслихаты қалалық ішкі саясат басқармасымен бірге көктемде қоғамдық кеңес құрамын ың-шыңсыз бекіте салған. Нұрғалиевтің сөзінше, кеңестің 31 мүшесінің 10-ы – әкімдікке қарайтын ведомстволық ұйымдардың қызметкерлері. Арасында тіпті орыс драма театрының жетекші актрисасы да бар.

«Қоғамдық кеңестегі 6 комиссияның бесеуіне әкімдікке тікелей бағынышты мекеме басшылары жетекшілік етеді. Мәселен, ең маңызды құрылым – бюджет, экономика және қаржы мәселелері жөніндегі комиссия төрағалығы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Жәрдем» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директорына сеніп тапсырылған. Осылайша «қолбалаға» айналған қоғамдық кеңестен қандай шынайы «тежеуші әрі теңгерімді» жүйе күтуге болады? Көлгіновтің тұсында жер телімдерін бөлудегі былықтар мен жабық схемалар аз болған жоқ, бірақ кеңес құрамы дәл мұндай деңгейге түспеген еді», – дейді Жанат Нұрғалиев.

Экономист сол тұста Астана қаласы әкімдігі қоғамдық кеңестің бұл құрамын таратуы тиіс деп мәлім еткен. 

Tizgin.kz порталына осы тақырыпта пікір білдірген Жанат Нұрғалиев заң бойынша қоғамдық кеңес құрамының 70% азаматтық қоғам өкілдері болуы керектігін айтты. Экономист елордадағы кеңестің құрамына қарап, ішінде әкімдікпен жұмыс істейтін ұйымдар басшылары, мектеп директорлары, медиа саласының адамдары жүргеніне назар аударады.

«Меніңше, мұндайда нақты жұмыс істеуге мүмкіндік болмайды. Оның құрамында тәуелсіз мүшелер болуы керек. Әкімдікпен ешқандай байланысы жоқ адамдар болуы тиіс. Ертең олар өткір сұрақтарды қалай қояды, мәселелерді қалай көтереді? Жергілікті атқарушы орган өйткендерге «кетіңіз» деуі мүмкін», – дейді ол.

Жанат Нұрғалиев қалалық ішкі саясат басқармасы өкілдерімен осы мәселе бойынша сөйлескенін, әріптестері Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісті хат та жазғанын, алайда олардан жауап келмегенін айтады.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК СЕНБЕЙДІ

 2025 жылдың 22 желтоқсанында баспасөз мәслихатын өткізген Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке Tizgin.kz порталы сұрақ қойып, «әкімдік ылғи лояльды адамдарды жинап алды деген пікірге қалай қарайсыз?» деп сұрақ қойған. Әкім бұл пікірмен келіспейді.

«Қоғамдық кеңестің ішінде әртүрлі адамдар бар. Олардың ішінде қалаға белгілі азаматтар, блогерлер, журналистер де кіреді. Сондықтан ондай ақпаратқа мен сенбеймін», – деді Қасымбек.

Әкімнен «қоғамдық кеңестің құрамында азаматтық қоғам өкілдерінің үлесі қанша?» деп сұралған. Жеңіс Қасымбек оны нақты айта алмады, бірақ «керек болса ресми түрде жауап беретінін» мәлім етті.

АСТАНАНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНДЕ КІМДЕР БАР 

Қазақстан Республикасының Қоғамдық кеңестер туралы заңына сәйкес, расында да, қоғамдық кеңес құрамының кемі үштен екісі азаматтық қоғам өкілдерінен тұруы керек. Олар – үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, белсенді азаматтар, салалық сарапшылар, қоғам қайраткерлері болуы мүмкін. Мемлекеттік орган өкілдерінің саны шектеулі және олар кеңесте шешуші басымдыққа ие болмауы тиіс. Қоғамдық кеңес мүшелері ашық конкурс арқылы іріктеліп, тәуелсіздік, адалдық және бедел қағидаттарына сай болуы қажет. Кеңес төрағасы, әдетте, мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін, қоғамда танылған тұлғалар қатарынан сайланады. Астанада бұл қызметті кезінде қалалық мәслихат депутаты болған Зулфухар Гаипов басқарады.

Астана қаласы қоғамдық кеңесінің құрамы 32 адамнан құралған. Жанат Нұрғалиев айтқандай, расында да, тізімде қала әкімдігіне қарайтын бірнеше ұйым басшылары, қызметкерлері тұр. Арасында блогер Динара Сәтжан, актриса Светлана Фортуна, ақын, ЕҰУ-да декан Серікзат Дүйсенғазы сынды белгілі азаматтар да бар. Толық тізімі мынадай:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы мемлекеттік мекемелер мен әкімдіктер жанындағы кеңесші ұйым – қоғамдық кеңестерді «дала демократиясының» үлгісі деп атап, оларды күшейту керегін айтқан бар. Қоғамдық кеңестердің негізгі мақсаты – азаматтық қоғамның қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша пікірін білдіру және оны мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне енгізу. Кеңес мүшелері мемлекеттік, квазимемлекеттік органдардың шараларына қатысып, сұрау сала алады, олардың өкілдерін өз жиындарына шақырады, мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссия жұмысына қатысады. Бұған қоса олар қоғамдық сараптама жүргізіп, мониторинг жасау құқығына ие. Кеңес мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді, яғни істеген ісі үшін ақы алмайды.

Заң бойынша, мемлекеттік орган қоғамдық кеңестен түскен ұсынысты қарастыруға міндетті. Әйтсе де, мәслихатпен салыстырғанда қоғамдық кеңестің құзыреті төмен, ол – тек кеңес беруші орган және ол орындауға міндетті шешімдер қабылдай алмайды.

 «ПРЕЗИДЕНТ АЙТПАСА БАРМАЙТЫН ДА ЕДІК» 

Tizgin.kz порталы Астана қаласы қоғамдық кеңесін басқаратын Зулфухар Гаиповқа хабарласып көрген. Бұрын бас қаланың мәслихатында депутаты болған Зулфухар Гаипов ұялы телефонды көтермеді, ал whatsapp мессенджеріне жазған хабарламаларға жауап берген жоқ.

Айсұлтан Жақыпов. Фото: Meta парақшасынан

Қоғамдық кеңестен бұрын шығып кеткен журналист, белсенді Айсұлтан Жақыпов (Қарағанды облысының қоғамдық кеңесінен) не үшін ол құрылымға кіргенін, кейін одан кетіп қалғанын былай түсіндіреді.

«Мен Қарағанды облысының қоғамдық кеңесінің қазіргі құрамының алдындағы құрамда болдым. Ол құрам Қаңтар оқиғасынан кейін іріктелген. Шыны керек, басында ұнады. «Бізді де тыңдайтын, еститін үкімет, билік бар екен ғой» дедік. Бірақ жүре келе түсінгенім, егер мәслихат өз міндетін дұрыс атқарып тұрса, қоғамдық кеңестің қажеті де жоқ. Себебі мәслихатты қайталап тұр. Қоғамдық кеңес деп дардай қылып айтқанымен, отырыстарының бәрі әкімдік ғимаратында өтті. Маған ұнамаған жері – сол. Өзім бірнеше рет ескерту айттым, залдан да шығып кеттім. «Әкімдіктің ғимаратынан шығайық, басқа ғимараттарға барайық» дедім. Ештеңе өзгерген жоқ. Одан кейін ол жерде отырғандар – мәслихаттағы азаматтар да қоғамдық кеңесте жүр. Кілең бизнесмен, кілең мүддесі бар адамдар, бұйрықсыз ештеңе жасай алмайтын адамдар. Оларға біреу бірдеңе айтпаса, ешқандай ұсыныс айтпайды», – дейді ол.

Айсұлтан Жақыповтың сөзінше, Қарағандыға президент Қасым-Жомарт Тоқаев келген кезде ауыз су мәселесі көтерілген. Ертеңінде қоғамдық кеңес өкілдері Ақшатау деген ауылға барып, су мәселесі туралы мәселе көтерген.

«Оны Қарағандыға келген кезде президент айтпаса, ол жерге бармайтын да едік. Қарағанды мен Балқаштың арасындағы жыр болып кеткен жолдың мәселесін айтып еді, оны тексеруге лап-лап етіп ол жаққа да барып қайттық. Болды! Үш жылда сыртқа қарай екі-ақ тақырыппен шықты. Қалғанының бәрі қалалық кеңес тәрізді, қаланың ішінде жылу орталығына бару деген секілді жағдайлар болды. Оны қалалық кеңес те істейді. Ауылдарға барып, жер мәселесін, фермерлердің жағдайын білу – ондай ештеңе болған жоқ. Ешкімді өйтіп мұңын тыңдап, жырын жырлаған жоқпыз», – дейді ол.

Журналист «әкімдік ғимаратында өтетін жиындарыңызға қатыспаймын, мұндай қоғамдық кеңестерің керегі жоқ» деп кетіп қалған. Келесі құрамға құжат тапсырмапты, «тапсырмағаныма өкінбеймін» дейді.

Back to top button