Ескі көліктер үшін төлейтін салық төмендейді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елде көлік салығын есептеудің жаңа қағидалары күшіне енді, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ӨЗГЕРІСТЕР ӘСЕРІ БАЙҚАЛА МА
Билік 10 жылдан асқан автокөліктерге арналған салық мөлшерлемелерін төмендетті.
Енді салықты есептеу кезінде төмендетуші коэффициент қолданылады: 10 жылдан 20 жылға дейінгі қолданыстағы жеңіл көліктер үшін – 0,7, ал 20 жылдан асқан автокөліктерге – 0,5 шамасында. Бұл өзгеріс тек жеңіл автокөліктерге қатысты, – делінген Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінде.
Өзгерістер есептілік тәртібіне де әсер етті. 2026 жылдан бастап көлік иелеріне ағымдағы төлемдер бойынша есеп тапсырудың қажеті жоқ. Жыл сайынғы декларацияны өткізіп, салықты келесі жылы бір рет төлеу жеткілікті. Сонымен қатар, Салық кодексінен 2013 жылдан кейін шығарылған немесе елге әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл көліктерге арналған мөлшерлемелер алынып тасталды.
ТАҒЫ КІМДЕР САЛЫҚТАН БОСАТЫЛДЫ
Фермерлер үшін қосымша жеңілдік қарастырылды. Нақты айтсақ, әр шаруашылықтағы бір пикап көлігі көлік салығынан босатылады. Сондай-ақ автокөліктерді кузов түріне қарай бөлу жойылды. Енді көлік түрі техникалық төлқұжатта көрсетілген санат бойынша айқындалады.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі көлік салығында сараланған тәсілді қайта енгізуді ұсынған болатын. Вице-министр Азамат Әмриннің пікірінше, барлық көлікке бірдей мөлшерлеме белгілеу ескі автокөліктер санын азайтуға ықпал етпеген.