Шымкенттегі сотталған адамды азаптаған түрменің үш қызметкері қамауға алынды

Ресми ақпаратты Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Жабық мекемелерге бару және шағымдарды қарау барысында адам құқықтарының ықтимал бұзылу белгілеріне ерекше назар аударылып, тиісті шаралар қабылданады. Осылайша, Шымкент қаласы бойынша өңірлік өкіл Нұржан Әбдезов сотталғандардың бірін жеке қабылдады. Оның айтуынша, 2025 жылғы маусым айында мекеме қызметкерлері тарапынан азапталғанын хабарлады, – делінген уәкіл бөліскен ақпаратта.
Сонымен қатар қабылдау барысында тағы бір сотталғанның соққыға жығылып, оның жақ сүйегінің сынғаны анықталды. Аталған жағдайлар бойынша өңірлік өкіл тарапынан жедел түрде тиісті әрекет ету шаралары қабылданды.
Нәтижесінде медициналық көмекті уақтылы көрсетпегені үшін медицина қызметкерлері жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ мекеме қызметкерлеріне қатысты ҚК-тің 362-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді, – делінген мәліметте.
Құқық қорғау институты мекеме қызметкерлерінің әрекеттерінде азаптау белгілерінің болуына байланысты олардың әрекеттерін қайта қарау жөнінде жоғары қадағалау органына жүгінді. Бас прокуратура аталған ұстанымды қолдап, өткен жылдың соңында сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚК-тің 146-бабының 3-бөлігіне қайта сараланды.
Мекеменің үш қызметкері қамауға алынған.