ЕрекшеЭкономика

Экономикамызда теңсіздіктер әлі сақталып отыр – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» арнасына берген сұхбатында былтыр ел экономикасы 6 пайыздан астам өсіп, ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.

“ЭКОНОМИКАҒА ОРЫНСЫЗ АҚША ҚҰЮҒА БОЛМАЙДЫ”

Сұхбат барысында президентке “Экономикалық реформалар тауарлардың бағасы мен қызметтердің тарифіне салмақ салады. Жұрт бұған алаңдап отыр. Сіз Үкіметке осы мәселені шешуге арналған нақты шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырдыңыз. Бұл жұмыс реформаның сапасы мен қарқынына әсер етпей ме? Азаматтарымыз әл-ауқатымызды жақсартады деп күтіп жүрген реформаның нәтижесін жоққа шығармай ма?” деп сұрақ қойылған.

“Әлемдік тәжірибеге қарасақ, реформалар қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта реформаторлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жатады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін реформаларды қалайда жүзеге асыруымыз керек”, – дейді президент.

Оның сөзінше, азаматтарға зияны тимеуі үшін қыс мезгілінде тарифтерді өсіру әкімшілік тәсілдер арқылы уақытша тоқтатылған. Сонымен бірге, Үкіметке бюджет қаржысын барынша тиімді пайдалану міндеті жүктелген.

“Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. Қатаң бюджеттік тәртіп керек. Қаржы ресурстары мемлекетке қажетті жобаларға ғана жұмсалуға тиіс. Былтыр қараша айында Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, үш жылдық бағдарлама қабылдады. Құжат азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін инфляцияны төмендетуге арналған, – деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» түсіп қалғанын дұрыс байқап отыр.

“Ашығын айтайын, бұл – экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ, оның бәрін инфляция жеп қояды немесе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауырып қалу немесе жұмыстан айырылу секілді кез келген көлденең кедергі тұрмыстағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүмкін”, – дейді ол.

“ЭКОНОМИКАДАҒЫ ӨЗГЕРІС БАЯУ”

Мемлекет басшысының сөзінше, ол кезінде баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру туралы шешім қабылдады. Көбісі солай жасады, бұл шешімге ризашылықтарын да білдіріп жатқан көрінеді.

“Бірақ, әдеттегідей, стоматология қызметін көрсетеміз деген желеумен зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған алаяқтар да табылды. Құқық қорғау органдары қазір бұл мәселемен айналысып жатыр. Осы медициналық қызмет түріне зейнетақы жинағын пайдалануға тыйым салуға тура келді. Бірақ, басқа да қитұрқы тәсілдер пайда болды, тіпті, пластикалық отаға төлем жасайтындар бар”, – деді мемлекет басшысы.

Ал, бизнес өкілдері жайлы мемлекет басшысы олар жұмыс орындарын ашып, салықтарын адал төлеп жатқан сыңайлы дейді. Алайда, несие өсімінің жоғары болуы, айналымдағы қаражаттың аздығы олардың кең ауқымда дамуына, жаңа нарықтарға шығуына, заманауи технологияларды енгізуіне мүмкіндік бермей тұр. Президенттің ойынша, экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр.

Дегенмен, меніңше, өзгеріс қарқыны баяу. Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қарамастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағдайды білеміз, оны жұрттан жасыратын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көптеген мемлекет басынан өткеріп жатыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар”, – деді Тоқаев.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден оқуға болады.

Back to top button