ЕрекшеЖаңалықтар

Украинада соғыс басталғалы қорғаныс министрі төртінші рет ауысты

Украинаның бірінші вице-премьері әрі цифрлық трансформация министрі Михаил Федоров қорғаныс министрі қызметінде Денис Шмыгалдің орнына тағайындалады. Бұл туралы Владимир Зеленский мәлімдеді, деп жазады Tizgin.kz.

Украинаның бірінші вице-премьері әрі цифрлық трансформация министрі Михаил Федоров елдің қорғаныс министрлігін басқаруы мүмкін. Бұл қызметте ол Денис Шмыгалді алмастырады. Бұл туралы жұма күні, 2 қаңтар кешінде жарияланған бейнеүндеуінде Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

«Мен қорғаныс министрі қызметіне Михаил Федоровты ұсындым. Михаил “дрондар желісі” мәселесімен көп айналысып жүр, мемлекеттік қызметтер мен үдерістерді цифрландыру саласында өте нәтижелі жұмыс істеп келеді», – деп түсіндірді Зеленский өз шешімін.

Үндеуінің соңында ол Федоров армияда қажетті өзгерістерді іске асырып, оған технологиялық серпін бере алады деген пікірін қосты.

Михаил Федоров туралы не белгілі

Михаил Федоров 1991 жылы Запорожье облысында дүниеге келген. 34 жастағы ол Украина тарихындағы ең жас қорғаныс министрі атанбақ. 2019 жылы Владимир Зеленскийдің сайлауалды науқаны кезінде цифрлық бағытқа жетекшілік етіп, инаугурациядан кейін президенттің штаттан тыс кеңесшісі болды. Сол жылы өткен Жоғарғы радаға мерзімінен бұрын сайлауда «Халық қызметшісі» партиясынан тізімде алтыншы нөмірмен ұсынылды.

2019 жылдың тамызында Украина вице-премьері әрі цифрлық трансформация министрі қызметіне кірісті. 2023 жылғы наурыздан 2025 жылғы шілдеге дейін – вице-премьер-министр және инновациялар, білім беру, ғылым мен технологияларды дамыту министрі болды. 2025 жылғы 16 шілдеде Юлия Свириденко үкіметі құрамында Украинаның бірінші вице-премьері әрі цифрлық трансформация министрі болып тағайындалды.

Сонымен қатар, Федоров Украинада мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға мүмкіндік беретін «Дія» сервисін іске қосты

Денис Шмыгаль командада қалады

«Денис Шмыгаль командада қалады, Украина командасында. Мен оған ел үшін атқарған жұмысы үшін өте ризамын. Украина Қорғаныс министрлігі жақсы нәтижелер көрсетті. Денис Шмыгальға мемлекеттік қызметтегі, біздің төзімділігіміз үшін кем емес маңызды өзге бір бағытты басқаруды ұсындым», – деп түйіндеді Владимир Зеленский.

Сондай-ақ ол бұл кадрлық ауыс-түйістердің соңы емес екенін мәлімдеді.

Back to top button