2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ең сезімтал жаңашылдықтардың бірі – қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің өсуі. ҚҚС ставкасы 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғаяды. Сонымен қатар ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 15 миллион теңгеден 40 миллион теңгеге дейін көтеріледі.
Сонымен бірге бірқатар тауарлар мен қызмет түрлері ҚҚС-тан босатылады. Атап айтқанда, бұл жеңілдік тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберіндегі тауарлар мен қызметтерге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қызметтеріне, сондай-ақ отандық басылымдағы кітаптарға және оларды басып шығару қызметтеріне қатысты қолданылады.
Корпоративтік және жеке табыс салығының мөлшерлемелері
Корпоративтік табыс салығы (КТС) бұрынғыдай 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда бірқатар сала үшін сараланған мөлшерлемелер енгізіледі:
-
25 пайыз – банктер үшін (бизнес субъектілерін несиелеуді қоспағанда) және ойын бизнесі үшін;
-
5 пайыз – әлеуметтік сала ұйымдары үшін (2026 жылы), бұл мөлшерлеме 2027 жылы 10 пайызға дейін өседі;
-
3 пайыз – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін (жеңілдетілген ставка).
Сонымен қатар елімізде жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті мөлшерлемесі енгізіледі.
Жеке тұлғалардың жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін (2026 жылы 36 миллион теңгеден астам) бұрынғыдай 10 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салынады. Ал табысы бұл межеден асатын азаматтар үшін 15 пайыздық ставка қолданылады.
Дәл осындай қағидат жеке тұлғалардың дивидендтеріне салынатын салыққа да қатысты болады. Жылына 230 000 АЕК-ке дейінгі (2026 жылы 994 миллион теңгеден астам) дивидендтік табысқа 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлеме белгіленеді.
Аталған шектен асатын сомаға 15 пайыздық салық ставкасы қолданылады.