Ерекше

Сауда-саттыққа ешқашан кедергі болмауы қажет – Тоқаев ЕАЭО елдері басшыларына үндеу жолдады

Президент 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ететіндігін атап өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.

АЛҒА ҚОЙЫЛҒАН МЕЖЕ ПЕН ЖИ МҮМКІНДІКТЕРІ

Мемлекет басшысының сөзінше, биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейтойлық жыл болды.

– Біз интеграциялық бірлестігімізді дамытудың екінші онжылдығына нық сеніммен қадам бастық. Соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан мемлекеттеріміздің экономикасы оң қарқын алды. Алдағы ортақ міндетіміз – ЕАЭО-ның әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін нығайту, интеграциялық тиімділігін күшейту, – деді Тоқаев.

2026 жылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясы жүзеге асырыла бастайды. Осы стратегиялық құжатта белгіленген мақсаттар мен міндеттерге баса назар аударылады.

Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалығы барысында Қазақстан Республикасы келесі негізгі бағыттарға ден қоюды ұсынады.

Әлемде бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге жол ашатын тарихи дәуір басталды. Алайда технологиялық теңсіздіктің артуымен бірге жаңа қатерлер де пайда болады.

Сарапшылар бағалауынша, соңғы жылдары жасанды интеллектіні дамытуға құйылған жаһандық инвестиция көлемі 1 триллион доллардан асты. Ал ЖИ-дің әлем экономикасына қосатын үлесі алдағы онжылдықта 10 триллион доллардан асуы ықтимал.

– Біздің міндетіміз – жаңа технологияларды халықтарымыздың игілігіне бағыттап, еуразиялық экономикалық интеграцияның басты факторына айналдыру. Қазірдің өзінде жасанды интеллект технологиялары сауда ағынын болжауға қатысты мәселелерді оң шешіп, кедендік түсімдер мен сауда келісімдерінің мемлекет экономикасын өркендетуге ықпалын дәл бағалай алады, – деді Президент.

Қазақстан ЕАЭО аясындағы серіктестерімен жасанды интеллект, цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау салаларында білім мен тәжірибе алмасуға әзір.

– Бірлескен күш-жігер арқылы технологиялық жаңашылдықтарға оңай бейімделе аламыз. 2026 жылы Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форум алаңында ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қоюды ұсынамыз. Аталған құжат елдеріміздің цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастығының жаңа бағытын айқындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ЛОГИСТИКА МЕН ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ СЕРПІЛІС

Еуразиялық экономикалық одақ, бұл – Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы геосаяси көпір. Ел территориялары арқылы негізгі көлік бағыттары өтеді. Осы орайда мемлекет ортақ мақсатқа ден қойып, құрлықтағы жетекші логистикалық хабқа айналуы тиіс.

Бұл үшін көлік-логистикалық және кедендік инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық көлік дәліздері мен мультимодальдық тасымалды ілгерілету бойынша шұғыл шаралар қабылдап, ЕАЭО мен үшінші елдердің ірі логистикалық компаниялары арасында тығыз ықпалдастық орнату қажет.

Интеллектуалды жүйені енгізу және үлкен деректерді пайдалану біртұтас логистика құруға мүмкіндік береді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағымен өтетін жүк барынша тез, кедергісіз әрі бюрократиялық әуре-сарсаңсыз тасымалдануы керек.

– Қазақстан бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Smart Cargo қанатқақты жобасы іске қосылды. Құжаттандыру ісі электронды форматқа ауыстырылуда. Бұл платформаны ЕАЭО елдеріндегі серіктестеріміздің жүйелерімен интеграциялауға әзірміз, – деді Мемлекет басшысы.

Мәлім болғандай, өндіріс пен агроөнеркәсіп кешені ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық негізін құрайды. Әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті өнім шығару мақсатында кооперацияны кеңейту әрі тереңдету – ел алдына қойылған ортақ міндет. Еуразиялық экономикалық одақта қазірдің өзінде өндіріс пенагроөнеркәсіп кешенінің кооперациялық жобаларын қаржыландыру тетіктері бар. Ең алдымен, қаржы серпінді инновациялық жобаларға бағытталуы керек.

КЕДЕРГІЛЕРМЕН КҮРЕС ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ДИАЛОГ

Әкімшілік кедергілердің барлығын жою керек. Сауда-саттық пен басқа да жекелеген салалардың дамуын тежейтін, азаматтардың барыс-келісін шектеп, шекаралардағы жүк көліктерінің кезегін туындататын қолдан жасалған кедергілер өткеннің еншісінде қалуы қажет.

– Ықтимал кедергілерді жедел анықтау үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің заңнамалық бастамаларын мониторингтеу ісіне жасанды интеллект технологияларын қосуды ұсынамыз, – деді Президент.

ЕАЭО сыртқы серіктестерімен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыра түсуге тиіс.

2025 жылы Моңғолия және Индонезиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен, сондай-ақ аймақтағы беделді бірлестіктермен ықпалдастығын кеңейткен дұрыс, – деді Тоқаев.

Back to top button