Ерекше

Инфляция біртіндеп зейнетақыны құнсыздандырып барады

Соңғы 12 ай қорытындысында Қазақстан Ұлттық банкінің басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция деңгейінен төмен болды. 2025 жылғы қарашада инфляция 12,4 пайызға жетсе, Ұлттық банк басқаратын БЖЗҚ инвестициялық портфелінің табыстылығы небәрі 9,69 пайызды құраған, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

КІРІС ТӨМЕНДЕДІ

Айта кетейік, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-да жай ғана сақталмайды, олар инвестициялық табыс табу мақсатында түрлі қаржы құралдарына орналастырылады. Бұл жинақтардың инфляция салдарынан құнсызданбауы үшін қажет.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры есебіне сәйкес, 2025 жылғы 1 желтоқсанда Ұлттық банк пен жекеменшік басқарушылар қарамағындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 25,8 трлн теңгеге жеткен. Оның негізгі бөлігі саналатын шамамен 25 трлн теңге Ұлттық банк басқаруында. Тағы 80 млрд теңгеден астам қаржы жеке инвестициялық портфель басқарушыларына (ИПБ) берілген.

2024 жылғы желтоқсан мен 2025 жылғы қараша аралығында Ұлттық банк шамамен 2,23 трлн теңге көлемінде инвестициялық табыс есептеген. Алайда инфляцияны ескергендегі нақты кірістілік теріс нәтиже көрсетті.

Ұлттық банк портфелі құрылымында Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына шамамен 43 пайыз тиесілі. Тағы 9 пайызға жуығы квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларымен байланысты. Активтердің 41 пайыздан астамы АҚШ долларымен номинирленген.

ҚАЙ КОМПАНИЯ КӨШ БАСТАП ТҰР

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтер бөлек есептеледі. Соңғы 12 айда олардың кірістілігі 8,07 пайызды құрап, инфляция деңгейінен едәуір төмен болған. Бұл қаражаттың басым бөлігі теңгемен номинирленген құралдарға, негізінен мемлекеттік облигацияларға орналастырылған.

Ұлттық банктің әлсіз көрсеткіштері аясында жекеменшік басқарушылар жоғары табыстылық көрсетті. Атап айтқанда, Alatau City Invest басқаруындағы зейнетақы активтерінің 12 айлық кірістілігі 11,11 пайызды, Halyk Global Markets 10,50 пайызды, BCC Invest 10,13 пайызды, Halyk Finance 9,45 пайызды құрады.

Ең жоғары нәтиже «Сентрас Секьюритиз» компаниясына тиесілі 15,72 пайыз. Бұл көрсеткіш зейнетақы жинақтарының сатып алу қабілетін сақтап қана қоймай, арттыруға мүмкіндік берген. Сондай-ақ бұл инфляция деңгейінен нақты түрде оза алған жалғыз зейнетақы активтерін басқарушы.

БЖЗҚ өкілдері зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді инвестиция екенін еске салады. Қысқа мерзімді табыстылықтың ауытқуы нарықтағы жағдай мен валюта құбылмалылығына байланысты. 

Back to top button