Ірі кен орындарындағы өндірістің өзі 10 пайызға төмендеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ТЕҢІЗДЕГІ ЖАҒДАЙ
Мұның алдында бұл туралы ақпаратпен Reuters бөлісті. Соған сенсек, Украинаның ұшқышсыз ұшу аппараттары Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына соққы жасағаннан кейін, желтоқсан айында Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі шамамен 6 пайызға төмендеді. Reuters агенттігі мәліметінше, 1-28 желтоқсан аралығында Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру тәулігіне орта есеппен 1,93 млн баррельді құрады. Бұл қараша айындағы орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен. Өндірістің құлдырауы әсіресе, Теңіз кен орнында байқалды.
Атап айтқанда, Теңіз кен орнындағы өндіріс 10 пайызға қысқарып, тәулігіне 719,8 мың баррельге дейін төмендеді. Қазақстан мұнайы негізінен дәл осы кен орнынан КҚК құбыры арқылы экспортталады. Reuters дереккөзі экспортқа қойылған шектеулер жобаның жоспарланған қуатқа шығуын тежегенін атап өтті.
«29 қарашадағы шабуылдан кейін желтоқсан айында Қазақстанның CPC Blend маркалы мұнайының экспорты соңғы 14 айдағы ең төмен деңгейге түсті. Терминал арқылы жөнелту көлемі 19 пайызға қысқарып, тәулігіне 1,082 млн баррельді құрады. Сонымен қатар КҚК арқылы Ресей мұнайының да шағын көлемі тасымалданады», – деп жазады агенттік.
БАЛАМАЛЫ БАҒЫТТАР ШЫҒЫНДЫ ӨТЕЙ МЕ
Экспорттағы шығынның бір бөлігін Қазақстан баламалы бағыттар арқылы өтеуге тырысты. Атап айтқанда, Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры пайдаланылуда. Сонымен бірге Ресей аумағы арқылы Германияға жеткізу үшін қолданылатын Атырау – Самара бағытымен тасымал көлемі шамамен төрттен біріне өсіп, тәулігіне 255,5 мың баррельге жетті.
Бұған дейін Новороссийскідегі КҚК нысандарына жасалған шабуыл салдарынан мұнай тиеу жұмыстары тоқтап, танкерлер порт айлағынан шығарылғаны хабарланған еді. Сол кезде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Украинаға ресми наразылық жолдап, елдің негізгі экспорттық инфрақұрылымына келтірілген залалды атап көрсеткен. Сарапшылар пікірінше, КҚК-ға бағытталған мұндай соққылар Ресейге емес, ең алдымен Қазақстан экономикасына соққы болып отыр.