Тағы бір қожамжаровшыға үкім шықты
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы тергеушісі, бір кездері Қаржы полициясының экс-басшысы Қайрат Қожамжаровтың командасында жұмыс істеген Жандос Арып «Хоргос ісіне» сәйкес материалдарды бұрмалау дерегі бойынша сотталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Elmedia-ға сілтеме жасап.
АРЫПТЫҢ АЙЫБЫ НЕ
Дүйсенбі күнгі ақпаратта бүгін кезекті бір “қожамжаровшы” ісі бойынша үкім шықты деп жазылды.
Қаржы полициясының бұрынғы тергеушісі Жандос Арып “Хоргос ісіне”, дәлірек айтқанда, оны қолдан “айналымға түсіруге” қатысты құжаттарды қолдан жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Егер қысқа қайырсақ, 2011-2012 жылдары ЭҚСЖҚА-ға жаңадан қабылданған Арып ҰҚК-нің жоғары лауазымды қызметкерлері – Талғат Жақаев пен Ирлан Абдрахмановты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін дәлелдер жинаумен айналысқан. Тергеуші мақсатты түрде болуы мүмкін, басшылықтың тікелей нұсқауын орындай отырып, Алматыдағы мейрамханалардың бірінде түсірілген бейнежазбаларды қолдан жасаған. Онда «ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі», сыртқы экономикалық қызметпен айналысқан кәсіпкер Талғат Қайырбаев ҰҚК қызметкерлерімен кездескені бейнеленген-мыс. Алайда шындығында ол жерде мүлде басқа адамдар болған, бұл фактіні олар өздері де растаған, – делінген басылым дерегінде.
Дегенмен бұл анықталса да, қаржы полициясы қызметкерлері бұл өз дегендерінен тайқымады. «Контрабандистер мен ҰҚК қызметкерлерінің байланысы бар» деген ақпарат президент Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндалып, кейін БАҚ-та тараған. Бұл жайт офицерлерді ұстау және қамауға алуға себеп болды.
Тіпті Жақаев пен Абдрахмановтың ол жерде болмағаны анықталғаннан кейін де соттар тергеу органдарының өтініші бойынша олардың қамауда ұстау мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Мұнымен сол кезде қаржы полициясы тергеу департаментін басқарған, қазіргі уақытта Алматы прокурорының орынбасары болып жүрген Нұрлан Ауғанбаев тікелей айналысқан, – делінген ақпаратта.
МӘН-ЖАЙЫ
2023 жылы Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу-жедел тобы бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған, ал биыл жыл басында іс сотқа жеткен. Алайда Медеу аудандық №2 сотының судьясы Жомарт Мұхамбетжан алдын ала тыңдауларда қорғау тарапының «өте өрескел процессуалдық заңбұзушылықтар бар» деген өтінішін күмәнді түрде тез қанағаттандырып, істі қосымша тергеуге прокуратураға қайтарды. Кейін тамыз айында іс қайтадан сотқа келіп, дәл сол Мұхамбетжанға түсіп, бүгін айыптау үкімін шығарды.
Жандос Арып нақты жазасын алмағанын айта кетейік. Іс ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған. Алайда басылым атап өткендей, ең бастысы – үкімнің өзі. Себебі ол «Хоргос ісін» толық қайта қарауға заңды мүмкіндік береді. Бұған дейін де Арыптың басқа әріптестері айғақтарды қолдан жасап, іске қатысы барларға азап көрсеткені үшін сотталған. Сонымен қатар, тергеу тізбегі біртіндеп, бірақ сенімді түрде «Хоргос» ісінің негізгі бенефициары — сол кездегі ЭҚСЖҚА төрағасы Қайрат Қожамжаровға жетелеп келеді. Сол себепті Арыптың ісі (және оның кейбір серіктерінің істері) соттарда әдейі тежеліп келген, – деді басылым.