Зайсанда 26 жыл бұрын жасалған ауыр қылмыстың беті ашылды
ІІМ Шығыс Қазақстан облысында полицейлер 26 жыл бұрын жасалған аса ауыр қылмыстың бетін ашқанын хабарлайды, деп жазады Tizgin.kz.
ІІМ мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті бірнеше рет қарулы шабуылдар жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған екі аса қауіпті қылмыскердің жаңа қылмысын анықтаған. Олардың 1999 жылы желтоқсанда Зайсанда жасалған қатігез адам өлтіру мен қарақшылық фактісіне қатысы барын жазылады. Осыдан 26 жыл бұрынғы оқиға болған кезде полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізгенімен, бұлар ол кезде қашып үлгерген көрінеді.

Арада жылдар өткеннен кейін қылмыстық оқиғаның барысы айқындалып, күдіктілер анықталған.
“Тергеу жұмыстары екі ер адам ірі олжа табу мақсатында жергілікті тұрғынның үйіне баса-көктеп кірген. Үйден бағалы зат таппаған қаскөйлердің бірі 26 жастағы ер адамды аса қатігездікпен пышақтап өлтірген. Сол сәтте үйде болған 77 жастағы әйел адамды қылмыскерлер соққыға жығып, электр сымымен орындыққа байлап кеткен. Олар оқиға орнынан 12 калибрлі қос ұңғылы аңшы мылтығын, “ИЖ-53М” пневматикалық тапаншасын және бейнемагнитофонды ұрлап кеткен”, – деп хабарлайды ІІМ.
Екі айыпталушы да 2002 жылдың желтоқсанында бірнеше рет қарақшылық шабуылдар мен адам өлтіру фактілері үшін сотталып, содан бері өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті “адам өлтіру”, “қарақшылық”, “денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” және “қаруды заңсыз иемдену” баптары бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен, аталған үкім бойынша тағайындалған жазаларды ішінара қосу арқылы, екі сотталушының әрқайсысына қылмыстар жиынтығы бойынша мүлкі тәркіленіп, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза кесілді.