ГеосаясатЕрекше

Зеленский Украина бойынша бейбіт жоспар мазмұнын ашты

Украина президенті Владимир Зеленский журналистермен өткен брифинг барысында АҚШ делегациясымен жүргізілген келіссөздер қорытындысында Украинаға қатысты америкалық бейбіт жоспардың егжей-тегжейін баяндады, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

РБК-Украина хабарлауынша, бейбіт жоспардан өзге мынадай құжаттар қарастырылып отыр:

  • қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі үшжақты құжат – Украина, АҚШ және Еуропа арасында;
  • екіжақты құжат – АҚШ-тың Украинаға беретін қауіпсіздік кепілдіктері;
  • Украинаның өркендеу жол картасы – АҚШ-пен бірлесіп әзірленген қалпына келтіру және экономикалық даму құжаты, елдің 2040 жылға дейінгі дамуын қамтиды.

УКРАИНА БОЙЫНША БЕЙБІТ ЖОСПАР

  • Украина егемендігін растау.
  • Ресей мен Украина арасында сөзсіз шабуыл жасамау туралы келісім жасалады. Қақтығыс шебінде мониторинг тетігі құрылады.
  • Украина берік қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болады.
  • Украина Қарулы күштерінің бейбіт кезеңдегі саны – 800 мың әскери қызметкер.
  • АҚШ, НАТО және Еуропа Украинаға НАТО-ның 5-бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынады. Егер Ресей Украинаға басып кірсе — әскери жауап қайтарылады және санкциялар қайта енгізіледі. Егер Украина Ресейге басып кірсе немесе себепсіз Ресей аумағына оқ атса – қауіпсіздік кепілдіктері жойылады. Ал Ресей Украинаға оқ атқан жағдайда кепілдіктер күшіне енеді. Бұған дейін АҚШ-қа кепілдіктер үшін өтемақы қарастырылғанымен, бұл тармақ кейін алынып тасталған. Сонымен қатар екіжақты қауіпсіздік кепілдіктері де жоққа шығарылмайды. Атап айтқанда, «қалаулы елдер коалициясы» бұл үдеріске қатыса алады.
  • Ресей Еуропа мен Украинаға қатысты шабуыл жасамау саясатын барлық қажетті заңнамалық актілерде бекітеді.
  • Украина нақты белгіленген мерзімде Еуроодаққа мүше болады және қысқа мерзімде Еуропа нарығына артықшылықты қол жеткізу құқығына ие болады. Украина үшін ЕО-ға мүшелік – қауіпсіздік кепілдіктерінің бір бөлігі.
  • Украинаға арналған ауқымды жаһандық даму пакеті қарастырылады. Ол жеке инвестициялық келісіммен айқындалып, даму қорын құруды, газ инфрақұрылымын дамытуды, аумақтарды қалпына келтіруді, пайдалы қазбалар мен табиғи ресурстарды игеруді қамтиды.
  • Қалпына келтіру мәселелерін шешу үшін бірнеше қор құрылады. Жалпы мақсат — 800 млрд доллар тарту.
  • Бұл келісім жасалғаннан кейін Украина АҚШ-пен еркін сауда туралы келісімді жеделдетіп бекітуге кіріседі.
  • Украинаның ядросыз мәртебесі.
  • Запорожье АЭС мәселесі. Бұл тармақ бойынша ымыраға келе алмады. АҚШ Украина, АҚШ және Ресей арасында бірлескен басқару моделін ұсынып отыр – әр тарап 33 пайыздан үлес алады, ал басты менеджер – америкалық тарап. Украинаның ымыралы ұсынысы: ЗАЭС-ті АҚШ пен Украина бірлесіп (50/50) басқарады. Өндірілген электр энергиясының 50 пайызы Украинаға тиесілі болады, қалған 50 пайызын АҚШ өз қалауынша бөледі. Бұл ретте ЗАЭС, Энергодар қаласы және Каховка ГЭС-і демилитаризациялануы тиіс.
  • Украина мен Ресей мектептерде және қоғамда түрлі мәдениеттерді түсінуге, төзімділікке, нәсілшілдік пен кемсітуді жоюға бағытталған білім беру бағдарламаларын енгізуге міндеттенеді. Украина ЕО-ның діни төзімділік пен тілдік азшылықтарды қорғау талаптарын енгізеді.
  • Аумақтар мәселесі — ең күрделі тармақ. Ұсыныс бойынша Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарында келісім жасалған күнгі әскерлер орналасқан сызық де-факто байланыс шебі ретінде танылады. Бұл келісім күшіне енуі үшін Ресей Днепропетровск, Николаев, Сумы және Харьков облыстарынан әскерін шығаруы тиіс.

УКРАИНА ҰСТАНЫМЫ

Президент Владимир Зеленскийдің түсіндіруінше, Ресей Украинаның Донецк облысынан толық шығуын талап етеді. Ал АҚШ ымыра ретінде еркін экономикалық аймақ құруды ұсынып отыр. Егер «қазіргі тұрған жерімізде қаламыз» деген нұсқа бойынша келісім болмаса, еркін экономикалық аймақ тек референдум арқылы қабылдануы мүмкін. Зеленскийдің айтуынша, АҚШ референдум өткізуді қолдайды, алайда дауыс беруге жекелеген мәселе емес, бүкіл құжат шығарылуы тиіс. Референдум өткізу үшін кемінде 60 күн қажет, әрі осы уақыт ішінде нақты атысты тоқтату болуы керек.

  • Болашақ аумақтық келісімдер келісілгеннен кейін Украина да, Ресей де бұл шарттарды күш қолдану арқылы өзгертпеуге міндеттенеді.
  • Ресей Украинаның Днепр өзені мен Қара теңізді коммерциялық мақсатта пайдалануына кедергі келтірмейді. Еркін кеме қатынасы мен жүк тасымалын қамтитын бөлек теңіз және қолжетімділік туралы келісім жасалады. Осы келісім аясында Кинбурн қияғы демилитаризацияланады.
  • Ашық қалған мәселелерді шешу үшін гуманитарлық комитет құрылады. Барлық әскери тұтқындарды «бәріне — бәрі» қағидасымен айырбастау, азаматтық тұтқындарды, оның ішінде балалар мен саяси тұтқындарды қайтару, қақтығыс құрбандарының мәселелерін шешу көзделеді.
  • Украина келісімге қол қойылғаннан кейін мүмкіндігінше тезірек сайлау өткізеді.
  • Бұл келісім заңды түрде міндетті құжат болады. Оның орындалуын Трамп төрағалық ететін Бейбітшілік кеңесі бақылайды әрі кепілдік береді. Шарттарды бұзған жағдайда санкциялар қарастырылады.
  • Барлық тараптар келісімге келген сәттен бастап атысты толық тоқтату дереу күшіне енеді.

BBC хабарлауынша, Владимир Зеленский ұсынған бейбіт жоспардың қазіргі нұсқасында Украинаның НАТО-ға кірмеу міндеттемесі туралы ештеңе айтылмайды. Ал бұған дейінгі нұсқаларда мұндай тармақ болған.

Back to top button