Шымбұлақтағы тіл дауынан кейін мейрамхана әкімшісі қызметінен босатылды

Шымбұлақтағы «Gusto» мейрамханасының әкімшісі қазақ тілінде сөйлеуден бас тартып, желіде дау туған еді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
МЕЙРАМХАНА БӨЛІСКЕН АҚПАРАТ
Аталған жағдайдан кейін мейрамхана басшылығы пікір білдіріп, әкімші қызметінен босатылды
«Gusto мейрамханасы 21 желтоқсанда мекемемізде орын алған жағдайға байланысты ішкі тексеруді аяқтады. Нәтижесінде сервис пен корпоративтік коммуникацияның ішкі стандарттарына сәйкес әкімшімен ынтымақтастықты тоқтату шешімі қабылданды. Аталған шешім — тек ішкі шара әрі оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді көздемейді. Оқиғаға қатысты одан арғы талқылау заңда белгіленген тәртіппен тараптар арасында жүргізіледі»,- деп мәлімдеді мейрамхана.
МӘН-ЖАЙЫ
Еске салайық, мұның алдында желіде әкімшілігі қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқан Шымбұлақтағы тау-шаңғы курортындағы Gusto мейрамханасына қатысты дау туған болатын. Бейнежазбада әкімшілік өкілі қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті еместігін айтқан.
“Бұл жерде ешкімнің қазақ тілінде сөйлемеуі проблема ма не?” Мен осы сөзді Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасының әкімшілігінен естідім. Оның есімі – Елена. Мен өте сабырлы түрде “мейрамханада қазақ тілінде сөйлейтін даяшы бар ма?” деген бір ғана сұрақ қойдым. Жауап ретінде – боқтық, қорлау жәнеде кейін артынан мынадай да сөздер айтылды: “Мен КСРО-да туғанмын және қазақ тілінде сөйлеп, қызмет көрсетуге міндетті емеспін”, – деген болатын әкімші.