Қаржылық мониторинг агенттігі ақпаратынша, өнімдерді өткізу Telegram мессенджеріндегі үш онлайн-дүкен арқылы курьерлік жеткізу тәсілімен жүзеге асырылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), сондай-ақ оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады.
Өнімдерді өткізу Telegram мессенджеріндегі үш онлайн-дүкен арқылы курьерлік жеткізу тәсілімен жүзеге асырылған. Заңсыз айналымнан жалпы құны 400 млн теңгеден асатын 53 мыңнан астам өнім бірлігі тәркіленді, – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру үшін күдіктілер банк карталары ресімделген дропперлерді пайдаланған. Вейптердің негізгі тұтынушылары мектеп оқушылары мен студенттер болған.
Соттың санкциясымен қылмыстық табысқа сатып алынған 3 автокөлікке («Toyota Land Cruiser», «Toyota Highlander», «Chevrolet Camaro») тыйым салынды. Төрт күдікті қамауға алынды, – делінген ақпаратта.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.