Қазақстан Еуропа бұғаттаған 600 млн доллардан астам қаржыны қайтарды
Бұл жерде әңгіме Ресейге қарсы санкциялар салдарынан тоқтатылған қаржы жайында, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ОРЫНБАСАРДЫҢ АГЕНТТІККЕ ҰСЫНҒАН АҚПАРАТЫ
Бельгиядағы Euroclear депозитарийі бұған дейін ресейлік актив деп қате танылған Еуразиялық даму банкінің 600 млн доллардан астам қаражатын бұғаттан шығарды. Бұл туралы Қазақстанның қаржы министрінің орынбасары Дәурен Кеңбейіл «РИА Новости» агенттігіне мәлімдеді.
2023 жылдан бүгінге дейін жалпы көлемі 733 млн долларды құрайтын қаражаттың 600 млн доллардан астамы толықтай шешіліп, Қазақстан аумағындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Қаражатты бұғаттан шығарудың негізгі шарты сол, ол тек ел ішінде пайдаланылады. Euroclear бұл талаптың орындалуын қатаң бақылауда ұстаған, – деді Дәурен Кеңбейіл.
ТАҒЫ ҚАНША ҚАРЖЫ ҚАЙТАРЫЛМАҚ
Қазақстан билігі 2026 жылы қалған шамамен 120 млн доллар да толықтай бұғаттан босатылады деп үміттеніп отыр. Кеңбейіл бұл мәселе бойынша келіссөздер әлі де жалғасып жатқанын алға тартты.
Еуразия даму банкінің қаражаты 2022 жылы Еуроодақ Ресейдің Ұлттық есеп айырысу депозитарийіне қарсы санкция енгізгеннен кейін бұғатталған. Сол кезде Euroclear бірқатар шотты тоқтатты. Солардың ішінде Қазақстанға тиесілі банк активтері де болған.