Ерекше

Келер жылы зейнетақы мен жәрдемақы 10%-ға өседі

Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақылар 10%-ға индексацияланады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

БРИФИНГТЕ НЕ АЙТТЫ

Оның айтуынша, халықтың тұрмысын жақсарту мемлекет саясатының маңызды бөлігі болып қала береді. 2022 жылдан бері елде азаматтар табысын өсіруге арналған жеке бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Қазір елде әлеуметтік төлемдермен 4,7 миллион адам қамтылған.

«2025 жылғы әлеуметтік бюджет шамамен алты триллион теңгені құрады. 1 қаңтардан бастап ол 5,9 трлн теңге болса, келесі жылы біз әлеуметтік бюджетті 6,8 трлн теңгеге жеткіздік. Яғни, осы жылмен салыстырғанда 887 млрд теңге өсім бар. Бұл қаражат нені білдіреді? Зейнетақы мен жәрдемақылар 10%-ға өседі. Салыстыру үшін, 2025 жылы ол 8,5% болған еді. 2026 жылғы бюджет ішінде тек зейнетақы мен жәрдемақыны өсіруге 636 млрд теңге қарастырылған», деді Жұманғарин Үкіметтегі брифингте.

МИНИСТР АСҚЫСЫ КЕЛЕТІН МЕЖЕ

Сонымен қатар, Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп жүзеге асыратын бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бастамалар іске асырылып жатыр.

«Бұл өте маңызды. Бағдарламада жұмыспен қамтуды арттыру үшін қайта даярлау бағдарламалары қарастырылған. Әлеуметтік маңызды тауарлар бойынша бағаға қатаң бақылау жүргізіледі. Ішкі өндірісті дамыту, бәсекелестікті қолдау, денсаулық сақтау сапасын арттыру, коммуналдық инфрақұрылым деңгейін көтеру – мұның бәрі халықтың шығынын азайтады. Сондықтан бұл да азаматтардың табысын арттыруға үлкен көмек болып отыр», — деді вице-премьер.

Сондай-ақ, Жұманғарин еңбекақы қоры бірнеше жыл бойы ЖІӨ-нің шамамен 31%-ын құрап, оның экономикалық өсіммен үйлесімді дамып келе жатқанын атап өтті.

«Биыл да 300 миллиард АҚШ долларынан асамыз деп үміттенеміз. Бір адамға шаққандағы табыс 15 мың доллар шегіне жетуі мүмкін. Сондықтан бұл оң көрсеткіштер болып саналады», деді министр.

 

Back to top button