Ет экспортына шектеу қою арқылы бағаны тұрақтандыруға болады – Жұманғарин
Вице-премьердің сөзінше, 2026 жыл мал шаруашылығын дамыту жылы болады, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
ЖҰМАНҒАРИН БРИФИНГТЕ НЕ ДЕДІ
Қазақстанда желтоқсан айының басында ірі қара мал етін экспорттауға енгізілген шектеулер баға тұрақтануына әсер етеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Экспорттық шектеулер 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болады. Жұманғарин ет бағасының нақты қаншаға төмендеуі мүмкін екеніне болжам жасаудан бас тартты, алайда қабылданған шаралар нарықты тұрақтандыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Мен болжам жасаумен айналыспаймын, бірақ бұл шешім сиыр еті бағасының тұрақтануына сөзсіз әсер етеді. Бұл әкімшілік шешім. Әкімшілік шешімдер ұзақ өмір сүрмейді. Ең бастысы – 2026 жыл мал шаруашылығын белсенді дамыту жылы болады. Соңғы екі жылда біз өсімдік шаруашылығына айтарлықтай инвестиция салдық. Екі жыл қатарынан мол өнім алынып, соған қажетті кредиттік ресурстар бөлінді, егіннің өсу кезеңінде оны қорғау шаралары жүргізілді. Енді дәл осындай жүйелі жұмыс мал шаруашылығы саласында атқарылуы тиіс», – деді вице-премьер Үкіметтегі брифинг барысында.
МӘН-ЖАЙЫ
Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті экспортын шектеуді қазан айында ұсынған болатын. Бұл шешім бағаны тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірілді. Тиісті бұйрық жобасы қоғамдық талқылаудан өтті. Сол уақытта фермерлер импорттық етке салынатын баж салығын сақтап қалуды сұраса, Сауда және интеграция министрлігі өңірлерге арзандатылған сиыр етін тікелей жеткізу тетігін іске қосатынын хабарлаған еді.