Өткен аптада Freedom Finance компаниясымен дауы бар KazTAG басылымының басшылары Астанада баспасөз мәслихатын өткізген еді. Олармен бірге «Freedom Finance-қа алдандық» деген салымшылар да жиында сөз сөйлеген. Tizgin.kz редакциясы осы жиыннан кейін Freedom Finance компаниясының басшысы Тимур Турловқа ресми сауал жолдаған болатын. Уәде еткеніміздей таразыны тең ұстау үшін бұл даудағы банктің ұстанымын оқырман назарына ұсынамыз.
Әуелі Freedom Finance компаниясының баспасөз қызметіне «нақ осы екі дау негізінде (Freedom Finance-тың салымшылармен мәселесі және KazTAG агенттігін сотқа беруі) сіздерге қарата айтылған сындарға қалай жауап берер едіңіз?» деген сұрақ қойылған. Компания бұл шағымдарға 2025 жылдың ақпанында бір, сәуірінде екінші рет жауап берілгенін хабарлайды.
FREEDOM-НЫҢ АҚПАНДАҒЫ МӘЛІМДЕМЕСІ
Осы жылдың басында Freedom Finance компанияның қауіпсіздік қызметі бір қызметкердің компанияның әріптестері мен клиенттеріне қатысты құқыққа қайшы әрекеттері фактісін анықтағанын хабарлайды. Компанияның ресми түсіндірмесіне сүйенсек, ішкі тергеу барысында бұл адам әртүрлі сылтаумен жаңылыстыру арқылы зардап шеккен азаматтарды өзінің брокерлік шоттарынан компанияға жеке банктік шоттарына қаражаттарын шығаруға, содан кейін оларды банк арқылы осы тұлғаға аударуға немесе компанияның бақылау периметрінен тыс қолма-қол ақша беруге мәжбүр еткенін көрсеткен. Осыдан кейін қызметкер дереу жұмыстан шығарылған.
«Алынған мәліметтердің негізінде компания осы адамға қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы полицияға арыз жазып, істі тергеуге көмектесу үшін алынған ақпаратты құқық қорғау органдарына берді. Зардап шеккендердің саны мен залал сомасы белгісіз және тергеу барысында құқық қорғау органдары анықтайды. Компания жәбірленушілермен және құқық қорғау органдарымен үнемі байланыста болады, оларға барлық қажетті ақпаратты береді. Freedom Broker тергеуге толық жәрдемдеседі және қалыптасқан жағдайды заңға сәйкес шешуге мүдделі», – делінген ақпандағы түсіндірмеде.
Freedom Finance ақпанда осы адамның әрекеттеріне қылмыстық қудалау шеңберінде құзыретті органдар құқықтық баға беретінін, алайда осы адамның бұрынғы қызметкер ретінде өз әрекеттерімен келтірген беделін ескере отырып, компания азаматтық тәртіпте өз мүдделерін қорғау құқығын өзіне қалдыратынын атап өткен.
FREEDOM-НЫҢ СӘУІРДЕГІ МӘЛІМДЕМЕСІ
2025 жылдың 5 сәуірінде Freedom Finance тағы бір рет мәлімдеме жасаған. Ол кезде компанияның бұрынғы қызметкері В. Световойдың үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты Freedom Finance жөнінде жағымсыз жаңалықтар жарияланғаны аталып өткен.
«Аталған материалдарда бірқатар елеулі қателік жіберілді, онда екі түрлі іс: «Фридом Финанс» АҚ-тың бұрынғы қызметкері Т. Бековқа қарсы В. Световойдың ісіне және Ж. Капарованың ісіне байланысты ақпарат араласып, сәйкеспей қалған», – делінген сәуірдегі мәлімдемеде.
Бұл мәлімдемеде Freedom Finance мәліметінше, «салымшыларды алдады» делінген Виталий Валерьевич Световой топ-менеджер болмағанын, стратегиялық шешім қабылдауға құқығы болмағанын атап өткен. Г.Исаеваның әкесімен болған жағдайдан кейін ішкі тексеру жүргізіліп, Световой дереу жұмыстан шеттетілгені жазылған. Сәуірдегі мәлімдемеде компания Световой қалайша заңды бұзғаны тәтпіштеп түсіндірілген. Freedom Finance дереу арыз түсіріп, полицияға жиналған барлық материалды тапсырған.
Компания бұл жағдайда Световойдың қызметінен зардап шеккен тарап – өзіміз деп мәлімет берген.
Осыдан кейін Ж. Қапарованың Т. Бековке қарсы арызын былай түсіндірген.
«Проблемалық жағдай Ж. Қапарованың анасында пайда болды, оның анасы логині мен паролін «Фридом Финанс» АҚ бұрынғы менеджері Т. Бековке оның компаниядан кететінін біле тұра берді. Т. Беков жұмыстан кеткеннен кейін олар бөлек ақыға ынтымақтастық қатынас жасауға уағдаласты, Ж. Қапарованың анасы Т. Бековқа оның шотын басқару үшін авторизацияланған деректерін (логиндер мен паролдер) берді. Бұл ақпарат Ж. Қапарованың өзі компанияның және ҚНРДА-ның өкілдерімен бетпе-бет кездескен кезде ұсынған түсіндірмелермен растады. Осыдан кейін Ж. Қапарова полицияға, оның ішінде Т. Бековке қарсы қылмыстық іс қозғау туралы арыз жолдады. Құқықтық аяда керек нәтижеге қол жеткізбегендіктен, ол интернетте компания туралы теріс ақпаратты белсенді түрде жариялай бастады», – делінген сәуірдегі мәлімдемеде.
ТУРЛОВ «АЛДАНДЫҚ» ДЕГЕН САЛЫМШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУГЕ ДАЙЫН БА
Tizgin.kz Тимур Турловтан «алдандық» деген салымшылармен кездесіп, мәселені реттеуге дайын ба деп те сұрақ қойған. Банк басшысы мына адамдармен кездесулер өткізілгенін хабарлайды.
«В. Световойдан жәбірлену көрді деп танылып, оған қаражатты жеке (қолма-қол ақша түрінде немесе жеке карталарға аудару арқылы) берген адамдармен бірнеше рет кездесу, оның ішінде компанияның Алматы қаласындағы кеңсесінде, ал Петропавл қаласында компания өкілдерінің қатысуымен жеке форматта жеке кездесулер өткізілді.
Компания өкілдері Жанна Қапаровамен оның анасының шотын Т. Бековтың жеке сыйақы үшін басқаратыны туралы келісіп, ол жұмыстан шығарылғаннан кейін де онымен жеке жұмыс жасай отырып, шот бойынша жасалған операцияларға, аталған шотқа кіру үшін Т. Бековке өзі берген логиндер мен паролдерге қатысты Бековке қойған талаптары тұрғысынан бірнеше рет сөйлесті. Компания өкілдері Жанна Қапаровамен сөйлесу барысында, оның ішінде ҚНРДА өкілдерінің қатысуымен өткен жеке кездесуде компанияның ұстанымын баяндап, осы қатынастарға байланысты шағымдарды тікелей Бековке жіберу қажеттігін атап өтті», – делінген жауапта.
FREEDOM FINANCE KAZTAG-ПЕН МЕДИАЦИЯҒА КЕЛУГЕ ДАЙЫН БА
ҚазТАГ басылымымен дауда медиациялық шешімге келуге көзқарасыз қалай? Бұл сұраққа Freedom Finance компаниясынан мынадай жауап келді.
«Компанияның пікірінше көрінеу жалған ақпарат пен жоққа шығаруды қамтитын жарияланымдарды жою арқылы соттан тыс реттеу мүмкіндігін қарастырған. Компания сот және құқық қорғау органдарының сұратуы бойынша бірқатар мәлімдеменің көрінеу жалған сипатын толық растауды ұсынады. Бұл талаптар компанияның тарапынан ҚазТАГ-қа жолдаған сотқа дейінгі талаптарда баяндалған. Алайда біз ҚазТАГ тарапынан жауап әрекеттерін байқамаймыз. Егер басылым өкілдері қызығушылық танытса, бұл сұрақтың жауабы компания үшін өзекті болмақ», – делінген жауапта.
АСТАНАДАҒЫ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ
Еске сала кетейік, Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында күні кеше KazTAG басылымының басшылары мен «Freedom Finance-қа алдандық» деген салымшылар баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл дауда тергеу органдарынан бөлек үш тарап бар десек, алғашқы екеуі жоғарыда аталған екі тарап болса, үшінші тарап – белді кәсіпкер, банкир Тимур Турлов басқаратын Freedom Finance компаниясы.

Tizgin.kz порталы басқа журналистермен бірге бұл текетірестің неден басталып, қалай өрбігенін, банк пен басылымның қарым-қатынасы не себепті бітіспес дауға айналғанын анықтап көрген.
KazTAG агенттігінің басшысы Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновтың үстінен қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Freedom Finance заңгерінің арызымен оларға қылмыстық кодекстің 274-бабы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бабы бойынша айып тағылған.