Асанәлі Әшімов қайтыс болды
Аңызға айналған актер Асанәлі Әшімов қайтыс болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Асанәлі Әшімұлы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келген. Актер, режиссер, Қазақстанның халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980), Қазақстанның Еңбек Ері (2017).
Қатал соғыс жылдары өткен балалық шағы туралы актердің өзі осылай дейді.
“Алғашқы қар жауғанша жалаң аяқ жүрдім. Бір күні сабақ кезінде қалың қар жауған еді. Барлық сыныптастарымды ата-аналары үйлеріне алып кетті. Ал мен суық саз мектепте жалғыз қалдым. Ол кезде тоғыз жаста едім. Түні бойы қатты қорыққаным соншалық, таңертең мектептен он жасқа есейіп шыққандай болдым”.
Алматы консерваториясын 1961 жылы бітірген. Оқуды аяқтаған соң, “Қазақфильм” киностудиясына орналасты.
1964 жылы Қазақ академиялық драма театрына шақырылады (1987 — 88 жылы осы театрдың көркемдік жағын басқарды). Театрда С. Қожамқұлов, С. Майқанова, Ш. Айманов, Х. Бөкеева, К. Қармысов сынды өнер тарландарының шеберлік мектебінен тәлім алды. Театрдағы тұңғыш рөлі М. Әуезов пен Л. Соболевтің “Абай” спектакліндегі — Айдар рөлі. Әшімов режиссер ретінде де танылды. Ол театрда Н. Гогольдің “Ревизор” (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Мүсіреповтың “Амангелді”, И. Оразбаевтің “Мен ішпеген у бар ма?!” (екеуі де 1987), С. Ванустың “Сұлтан болсам егер мен” (1988), Ж. Аймауытовтың “Ақбілек” (1989) спектакльдерін сахналады, “Жылан жылы” (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), “Шоқан Уәлиханов” (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), “Қозы Көрпеш—Баян сұлу” (1995) фильмдерін түсірді.
Асанәлі Әшімов — қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның кинодағы Бекежан (“Қыз Жібек”, 1971), Шадияров (“Атаманның ақыры”, 1971, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының, 1972), Мәмбет (“Сарқырама”, 1973), Қасымханов (“Транссібір экспресі”, 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Кемел (“Нан дәмі”), Нұрғазы (“Алатаудың ай мүйізі”), Қаражал (“Жаушы”, 1980), Шыңғыс хан (“Бұлғар даласынан ескен жылы жел”, 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті.
Әшімов режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н. Гогольдің “Ревизор” (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Ғ.Мүсіреповтың “Амангелді”, И. Оразбаевтің “Мен ішпеген у бар ма?!” (екеуі де 1987), С. Ванустың “Сұлтан болсам егер мен” (1988), жылы Ж. Аймауытовтың “Ақбілек” (1989) спектакльдері мен ол түсірген “Жылан жылы” (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), “Шоқан Уәлиханов” (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” (1995) фильмдер Әшімовтің режиссерлік шығармашылығының да кең ауқымын көрсетеді. Әшімов өнеріне арналған “Асанәлі” деректі фильмі (1986, реж. И. А. Вовнянко) түсірілді. Әшімов — Жамбыл және Шымкент университеттерінің құрметті профессоры. 1979—1982 жылы педагогикалық қызметпен шұғылданды.
Актер 88 жасында өмірден озды.