Ерекше

Нобель сыйлығына ұсынылған Олжас Сүлейменовті өзге елдер де қолдап жатыр

Бірқатар елдегі «жасылдар» партиясы қазақстандық жазушы әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсыну жөніндегі Baytaq партиясының бастамасын қолдап отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

ТАҢДАУ НЕГЕ СҮЛЕЙМЕНОВКЕ ТҮСТІ

Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партия съезінде сөйлеген сөзінде Сүлейменовтің кандидатурасына Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Финляндия және Швециядағы «жасылдар» партиялары қолдау білдіргенін мәлімдеді.

Қазір бұл бағытта кезең-кезеңімен жұмыс істейміз. Алдымен Нобель комитетіне алғашқы хат жолдадық, енді әртүрлі елдегі беделді тұлғалар мен ұйымдардан қолдау жинаймыз, — деді ол.

Әміртаевтың айтуынша, Олжас Сүлейменовті ұсынудың өзіндік негізі бар. Қазақстандық жазушының әлем бойынша ядролық сынақ полигондарын жабуға қосқан үлесі бейбітшілік сыйлығына әбден лайық.

«ҚАЗАҚТАРДАН ҮЙРЕНУ КЕРЕК»

Бұл – осындай ауқымды мәселені халықаралық деңгейде көтере алған қазақ. 1991 жылы Нью-Йоркте митингілер өтіп, онда Қазақстанның полигондарды жабу тәжірибесінен үлгі алуға шақырған плакаттар болды. Америкалықтардың «қазақтардан үйрену керек» дегені сол кезде айтылған, – деп атап өтті партия төрағасы.

Олжас Сүлейменовті Нобель сыйлығына ұсыну туралы шешім Алматыда өткен партия конференциясында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған делегаттардың қатысуымен қабылданды.
2025 жылғы 19 желтоқсанда өткен республикалық съезде ұйымның 110 мың мүшесі бұл бастаманы бірауыздан қолдады. Хат комитетке пошта арқылы жіберілген.

Back to top button