ГеосаясатЕрекше

Род-Айлендтегі атыстан кейін АҚШ билігі грин-карта ойнатуды тоқтатты

АҚШ президенті Дональд Трамп Браун университетінде болған атыстан кейін грин-карта лотереясы бағдарламасын уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноем бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі (бұрынғы Twitter) парақшасында жазды.

13 желтоқсанда Род-Айленд штатының Провиденс қаласында орналасқан Браун университетінде атыс болған. Қайғылы оқиға салдарынан екі адам қаза тапты. Құрбандардың бірі — Өзбекстаннан келген студент Мұхаммад Азиз Умурзоков.

Кристи Ноемнің айтуынша, Браун университетіндегі атысқа күдікті ретінде аталған Клаудио Невис Валенти (ресми деректерге сәйкес, өзіне-өзі қол жұмсаған) АҚШ-қа 2017 жылы иммиграциялық визалардың әртүрлілігі бағдарламасы (DV-1) арқылы кіріп, кейін грин-карта алған.

«Президент [АҚШ президенті Дональд] Трамптың тапсырмасына сәйкес, мен АҚШ-тың азаматтық және иммиграциялық қызметіне (USCIS) DV-1 бағдарламасын дереу тоқтату туралы нұсқау бердім. Бұл — енді бірде-бір америкалық бұл апатты бағдарламаның салдарынан зардап шекпеуі үшін қабылданған шешім», — деп жазды Кристи Ноем.

Айта кетейік, қыркүйек айының басында АҚШ билігі шетел азаматтарына берілетін иммиграциялық емес визаларға қойылатын талаптарды қатаңдатқан еді. Енді виза алуға ниеттілер тек өз азаматтығы бар немесе тұрақты тұруға рұқсаты бар елдегі АҚШ елшілігі не консулдығында ғана сұхбаттан өте алады.

Осыған сәйкес, Өзбекстан азаматтары визалық сұхбатқа Ташкенттегі АҚШ елшілігінде тіркелуі тиіс. Ал АҚШ-тың дипломатиялық өкілдігі немесе визалық бөлімі жоқ елдердің азаматтары үшін арнайы локациялар белгіленген. Мәселен, Ресей азаматтары виза алу үшін Астана немесе Варшава қалаларындағы АҚШ елшіліктеріне жүгіне алады.

Сонымен қатар АҚШ Мемлекеттік департаменті «визалардың әртүрлілігі» бағдарламасына (Diversity Visa Lottery) қатысу үшін арнайы алым енгізді. Бұл қаражат өтінімдерді қабылдау, деректерді сақтау және жеңімпаздарды іріктеу жұмыстарын қаржыландыруға бағытталуы тиіс болған.

Back to top button