Риддердің бұрынғы әкімі Дәулет Батырбаев пен оның сыбайластары бюджет қаржысын жымқыру, ақшаны заңдастыру және жалған фирмалар арқылы кәсіпкерлікпен айналысу фактілері бойынша сотталды. Алайда сот олардың жазасын жеңілдету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ШЫҒЫН ҚАНША
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) мәліметінше, Өскемен қаласында «Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ бұрынғы басшысы, Риддердің экс-әкімі Дәулет Батырбаевқа, сондай-ақ оның сыбайластары Халитов пен Папышевке қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген.
Тақырып 2019 жылы басталған «Өскемен және Семей қалаларының көше жарығын жаңғырту» жобасы туралы болып отыр. Жоба аясында ескі шамдарды энергия үнемдейтін LED-жарықтарға ауыстыру, электр энергиясына кететін шығынды азайту және көшелер қауіпсіздігін арттыру көзделген. Алайда сот анықтағандай, іс жүзінде бұл жоба заңсыз баю көзіне айналған.
Тергеу мен сот барысында жабдық пен орындалған жұмыстардың құны әдейі асыра көрсетілгені белгілі болды. Соның салдарынан бюджетке келтірілген жалпы шығын 320 миллион теңгені құраған.
«Қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру мақсатында “ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы” АҚ-ның бұрынғы басшысы сенімді адамының атына ЖШС тіркеп, оны жалған келісімшарттар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қосалқы мердігер ұйым ретінде пайдаланған», — деп түсіндірді ҚМА өкілдері.
СОТ ШЕШІМІ
2025 жылғы шілдеде бірінші сатыдағы сот үш айыпталушыны да кінәлі деп танып, әрқайсысын сегіз жылға бас бостандығынан айырған еді. Алайда қараша айында қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді қайта қарап, екі эпизод бойынша жазаны алып тастады. Нәтижесінде бас бостандығынан айыру мерзімі жеті жылға қысқартылды.
Түрме жазасынан бөлек, сот азаматтық талапты қанағаттандырып, қылмыстық жолмен алынған кіріске сатып алынған мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарды. Мемлекет кірісіне тұрғын үйі бар жер телімі мен автосебет (автовышка) өткізілді.
Дәулет Батырбаев Риддер әкімі болып тағайындалғанға дейін «ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы» АҚ-ны басқарған. Ол қала әкімі қызметінен 2024 жылдың сәуір айында кеткен.