Елдегі инфляция қалай өзгереді – сарапшылар болжам жасады
Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) банкке мүше елдерге арналған 2026-2028 жылдарға арналған экономикалық болжамын жариялады. ЕДБ сарапшылары Қазақстанда инфляцияның төмендеуіне қатысты оң болжам жасап отыр, сонымен қатар Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын сақтайды деп есептейді, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
САРАПШЫЛАР ОЙЫ
Ұйым болжамына сәйкес, елдегі инфляция 2026 жылдың соңына қарай 9,7%-ға дейін баяулайды. Бұл 2025 жылдың соңына күтіліп отырған 12,3% деңгейімен салыстырғанда едәуір төмен көрсеткіш. Мұндай үрдіске Ұлттық банк қабылдаған шаралар әсер етуі тиіс. Сонымен қатар коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуін уақытша тоқтату және кейбір азық-түлік бағасына енгізілген мораторий де инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді.
ЕДБ сарапшылары бағалауынша, 2027 және 2028 жылдары инфляция 5,7% деңгейіне дейін түсуі мүмкін.
ЕДБ-де келесі жылы инфляция әлі де жоғары деңгейде сақталатынын ескере отырып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені кемінде 2026 жылдың екінші тоқсанының басына дейін 18% деңгейінде ұстап тұрады деп болжап отыр.
«Инфляцияның баяулауы тұрақты сипат ала бастағаннан кейін ғана реттеуші базалық мөлшерлемені төмендетуге кіріседі деп есептейміз. 2026 жылдың соңына қарай мөлшерлеме шамамен 14% деңгейінде қалыптасады», — деп атап өтті Еуразиялық даму банкінде.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ СЕБЕПТЕРІ НЕДЕ
Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылы Қазақстан экономикасы 5,5% деңгейінде өсуді жалғастырады. Бұған биліктің елдің инвестициялық әлеуетін ашуға бағытталған бастамалары ықпал етеді. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингі арқылы жыл сайын экономикаға негізінен өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенінде жүзеге асатын 100 ірі инвестициялық жоба іске қосылуы тиіс. Экономикалық өсімнің тағы бір маңызды факторы сол, инфрақұрылымды дамытудың ұлттық жоспарын іске асыру.
Алдағы екі жылда – 2027 және 2028 жылдары да ел экономикасының өсімі 5,5% деңгейінде сақталады деп күтілуде.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылға арналған базалық сценарий бойынша инфляция болжамын 9,5–12,5% деңгейіне дейін қайта қараған болатын.