Ерекше

Мемлекеттік қызметшілерге бизнес жүргізуге рұқсат берілмек

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген кейбір лауазымды тұлға үшін кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қойылған жалпы тыйымды алып тастау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

ШЕКТЕУ КІМДЕРГЕ САҚТАЛАДЫ

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға енгізілетін тиісті түзетулерді Сенат бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен бірге бірқатар санатқа қатысты шектеулер сол күйі сақталады. Атап айтқанда, тұрақты негізде жұмыс істейтін аумақтық сайлау комиссиялары мүшелері, Ұлттық банк қызметкерлері, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым өкілдері, сондай-ақ ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басшылары кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды.

КӘСІПКЕРЛЕР МҮДДЕСІ ДЕ ЕСКЕРІЛГЕН

Заң жобасында кәсіпкерлікке тыйым салынатын жағдайлар да нақтыланған. Бұған мүдделер қақтығысы туындаған, қызметтік мүлікті жеке мақсатта пайдаланған немесе бизнес жүргізу лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіретін жағдайлар жатады.
Аталған өзгерістер 2023 жылғы 13 маусымда қабылданған Конституциялық сот шешімін орындау мақсатында әзірленген. Сол кезде сот кәсіпкерлік қызметке толық тыйым салуды көздейтін қолданыстағы норманы Конституцияға қайшы деп таныған болатын.

Back to top button