ЕрекшеЖаңалықтар

Алматы экономикасы қарқын алды: өндіріс және ШОБ қаланың өсім драйверіне айналды

Орталық коммуникациялар алаңында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды брифингке шығып, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерін таныстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Дархан Сатыбалдының сөзінше, қаланың басты басымдығы – экономиканың тұрақты өсімі. Биыл қалада іскерлік белсенділік жоғары деңгейде сақталып, инвестициялық серпін оң бағытта дамыған. 11 айдың қорытындысы бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатор 11,4%-ға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңінен асып түскен. Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері ретінде құрылыс саласы (+38,3%), көлік (+21,5%) және өңдеу өнеркәсібі (+16,8%) аталған.

Экономикалық өсім жоғары инвестициялық белсенділікпен нығая түсті: 11 айда 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға көп. Жалпы құны шамамен 500 млрд теңге болатын 12 ірі жоба іске қосылды. Олардың қатарында автокөлік шығаратын, шиналарды қайта өңдейтін, шыны ыдыс пен күн модульдерін өндіретін зауыттар бар.

Жыл қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) өсімі 6,4% деңгейінде болмақ. 11 айдағы салық түсімдері 1,97 трлн теңге болып, 19,4%-ға артты.

Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында жаңа жұмыс орындары құрылуда: жыл басынан бері 92 мың жұмыс орны ашылды, олардың 87%-ы – тұрақты. Тоғыз айдағы орташа айлық жалақы 539 мың теңгеге жетіп, 14,5%-ға өсті және республикалық орташа көрсеткіштен 29%-ға жоғары болды.

Әкімнің айтуынша, шағын және орта бизнес Алматы экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. ШОБ бюджетке түсетін түсімдердің негізгі бөлігін қамтамасыз ете отырып, жалпы өңірлік өнімнің шамамен 60%-ын алады, ал қала халқының 90%-ы осы салады жұмыс істейді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 9,4% – ға өсіп, 387 мыңға жетті, өнім көлемі 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 21%-ға артып, 13,2 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Кәсіпкерлікті қолдау үшін 1 мыңнан астам жобаға бюджеттен 50,8 млрд теңге бөлінді, бұл жұмыс орындарын құруға және қала экономикасын дамытуға ықпал етеді.

Қала әкімі туристік саланың өскенін атап өтті: 9 айда қалаға 1,9 млн турист келді, оның ішінде 563 мың шетелдік қонақтар, ал көрсетілген қызметтер көлемі 17,4%-ға, яғни 82,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Алматы CNN Travel нұсқасы бойынша әлемнің үздік 25 туристік бағытының қатарына енді.

Алматы әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту шаралары туралы да айтты.

2025 жылы қалада 37,1 мың орынға арналған 22 білім беру нысаны салынды. Бұл оқушы орындарының тапшылығын 29,7 мыңнан 3-4 мыңға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 25%-ға артып, 48,8 млрд теңгеге жетті. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 2 орталық пен 1 емхана салынды, тағы 32 нысанда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жедел жәрдем автопаркі 37%-ға жаңартылған.

Жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп отыр. 11 комьюнити орталық пен 4 «Narco-STOP» орталығы ашылды, 33 демалыс орталығы жаңғыртылды. Студенттік жатақханаларда 8 мыңнан астам орын жасақталды. «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 2 200 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Қалада 3 шынықтыру-сауықтыру кешені және көше спортына арналған 50 нысан салынды. Соның нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 8,3%-дан 6,4%-ға дейін төмендеді.

Back to top button