Ерекше

Үй іргесіндегі дүкендер жабылып, жұмыс орны қысқаруы мүмкін – депутат

Депутат Олжас Нұралдинов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімін 19 атаудан 33-ке дейін көбейтудің кемшілігі мол болуы мүмкін екендігіне алаңдаулы, деп хабарлайды  Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

ДҮКЕН ИЕЛЕРІ ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Оның сөзінше, тізімді кеңейту туралы жоспар «үй жанындағы» шағын дүкендердің жаппай жабылуына және мыңдаған адамның жұмыссыз қалуына алып келуі мүмкін. Депутат өз сөзінде партияға шағын сауда нүкте қожайындары жиі жүгінетіндігін де айтты. Олар бағаны қатаң реттеу сақталса,” бизнесіміз шығынға батуы мүмкін” деп алаңдайды. Мұндай сауда нүктелерінің маржасы небәрі 2-8 пайызды ғана құрайды. Ол жалдау ақысына, жалақыға, тауар жеткізу шығындары мен коммуналдық төлемдерді өтеуге әрең жететін көрінеді. Ал соңғы жылдары коммуналдық қызмет ақылары 40-50 пайызға дейін қымбаттаған.

Ұсынылып отырған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміндегі 14 атау тез бұзылатын өнімдерге жатады. Олардың сақталу шарттары күрделі, жарамдылық мерзімі қысқа. Бұған көкөністер мен жеміс-жидектер де кіреді. Осыдан барып тауарларды есептен шығару жиілеп, қосымша шығындар пайда болады, – деді ол.

Депутат сөзінше, үй жанындағы дүкендердің басым бөлігі жалға алынған ғимараттарда жұмыс істейді. Айналымнан 4 пайызға дейін салық төлесе, үстемеақы мөлшері 10-15 пайыздан аспайды. Осындай жағдайда нақты пайда төмендеп, бизнес шығынмен жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Осының әлеуметтік салдарын да ескеру қажет. Үй жанындағы дүкендер көбіне отбасылық кәсіп болып саналады. Бір ғана дүкен орта есеппен 3-5 адамды жұмыспен қамтиды. Мұндай дүкендердің жаппай жабылуы мыңдаған жұмыс орнының қысқаруына, азық-түлік қолжетімділігінің төмендеуіне және әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкелуі мүмкін, – деп атап өтті мәжілісмен.

“МЕМЛЕКЕТ ТЕ БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУЫ КЕРЕК”

Нұралдинов бағаны халық үшін ұстап тұру қажеттігін түсінетінін, алайда бұл жүктемені көтеріп отырған шағын бизнесті де мемлекет қолдауы тиіс екенін айтты.
Ол Сауда министріне әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жаңа кеңейтілген тізімін тек ірі сауда желілеріне қолдануды ұсынды. Ал үй жанындағы дүкендерді әлеуметтік тауарларға қойылатын үстемеақы шектеулерінен босату қажет дейді.

Егер бағаны реттеу сақталатын болса, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы үй жанындағы дүкендерді әлеуметтік маңызы бар тауарларды арзан бағамен сатып алу мүмкіндігімен қамтамасыз ету керек. Оған орталықтандырылған жеткізілімдер мен отандық өндірушілермен делдалсыз тікелей жұмыс істеу де кіруі тиіс, – деп толықтырды депутат.

Бұған дейін бұл мәселе Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында да көтерілген. Онда «үй жанындағы» дүкендер үшін коммуналдық қызметтер бойынша жеке тарифтік санат енгізу мүмкіндігін қарастыру сұралғанымен, ұсыныс қолдау таппаған. Палата өкілдері бұл мәселеге қайта оралып, кем дегенде әлеуметтік маңызы бар тауарларды сататын сауда нүктелері үшін жеңілдетілген тарифтер қарастыру қажет деп есептейді.

Back to top button