Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстанның бас проокуроры Берік Асылов пен премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдап, Украинаны Қазақстан үшін аса маңызды инфрақұрылым объектілеріне соққы беруге шақырған азаматтардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді өтінді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Айдос Сарым 2025 жылы қараша айының соңында Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігіне елеулі қатер төнді деп есептейді. Сөзінше, бұған ел үшін аса маңызды экспорттық инфрақұрылым нысаны – Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалының жұмысы бұзылуы себеп болған.
“Новороссийск қаласы маңындағы КҚК терминалына теңіздегі ұшқышсыз дрондар арқылы жасалған шабуыл салдарынан сыртқы айлақтық құрылғы (ВПУ-2) істен шықты. Ал қазір ВПУ-3 жоспарлы жөндеуде тұрғандықтан, терминал тек бір ғана ВПУ-1 құрылғысымен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл оның өткізу қабілетінің айтарлықтай төмендеуіне апарып соқты. Мұнай тасымалы көлемінің қысқаруы ел экономикасы үшін елеулі тәуекелдер мен шығындарға соқтырады. КҚК арқылы түсетін жылдық экспорттық кіріс шамамен 30 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның үштен бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына бағытталып, елдегі жалпы салық түсімдерінің шамамен 20%-ын қамтамасыз етеді. Сарапшылардың бағалауынша, терминал жұмысының ұзақ уақытқа тоқтауы ай сайын 500 млн АҚШ долларына дейінгі ықтимал шығынға әкелуі мүмкін”, – дейді депутат.
Айдос Сарымның сөзінше, қалыптасқан жағдай тек сыртқы қатерлерді ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдардың жедел әрекет етуін талап ететін ішкі мәселелерді де айқындап отыр. Ал әлеуметтік желілерде аталған мемлекет үшін аса маңызды инфрақұрылым нысандарына жасалған шабуылдарды ашық түрде қолдап, мақұлдайтын азаматтардың жарияланымдары пайда бола бастаған. Сарым мұндай әрекеттер сөз бостандығының конституциялық шегінен шығып, ұлттық мүдделерге тікелей зиян келтіреді деп санайды.
САРЫМ НЕНІ ТАЛАП ЕТЕДІ
Осыған байланысты, Айдос Сарым құзырлы мекеме басшыларынан мынадай талаптарды орындауды өтінді:
-
Қазақстан үшін аса маңызды инфрақұрылым объектілеріне соққы беруге жария түрде шақырған азаматтардың әрекеттеріне құқықтық баға беру. Аталған әрекеттерді Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 256-бабы (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру) және 175-бабы (мемлекетке опасыздық) бойынша саралау мүмкіндігін қарастыру.
-
Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар мұнай құбырлары мен өзге де инфрақұрылым нысандарын қиратуға шақыратын жария ақпаратты таратудың жол берілмейтіні туралы халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ
Бұған дейін Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты Қазақстан Украинаға наразылық білдірген еді. Алайда Украина өз мүддесіне қарай жауабын жолдады.
Ал энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған дрондық шабуылдардан кейін Қашаған кен орнынан өндірілетін мұнайдың экспорттық бағыттарын қайта қарауға кіріскен.