Ерекше

«Лукойлдың» Қазақстандағы активтері арабтардың иелігіне өтуі мүмкін

Ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясының шетелдегі активтерін сатып алуға үміткер негізгі компаниялардың қатарына Сауд Арабиясының Midad Energy компаниясы қосылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

ҚАНША ИНВЕСТОР ҚЫЗЫҒЫП ОТЫР

Reuters агенттігі мәліметінше, «Лукойлдың» халықаралық активтерінің жалпы құны шамамен 22 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. Бұл пакетке әлемнің әр түкпіріндегі мұнай кен орындары, мұнай өңдеу зауыттары мен мыңдаған жанармай құю бекеттері кіреді. Аталған активтердің арасында Қазақстандағы жобалар да бар.
Оған он шақты инвестор қызығушылық танытып отыр. Олардың қатарында америкалық Exxon Mobil мен Chevron мұнай алпауыттары, сондай-ақ Carlyle инвестициялық компаниясы бар. «Лукойл» шетелдегі бизнесін сатуға АҚШ-тың қазан айында енгізген, компанияның халықаралық операцияларын шектеген санкцияларынан кейін шешім қабылдаған.

«Midad Energy мәмілені толықтай қолма-қол ақшамен жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Дереккөздер мәліметінше, қаражат санкциялар алынғанша эскроу-шоттарда сақталмақ. Келісімге америкалық компаниялардың да қатысуы мүмкін», – делінген жарияланымда.

БАҚ НЕ  ДЕЙДІ

Келіссөздер АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы экономикалық ынтымақтастық күшейген сәтте жүріп жатыр. Midad Energy басшысы Абдулела әл-Айбан – Сауд Арабиясының ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Мусаид әл-Айбанның туған інісі. Мусаид әл-Айбан ақпан айында өткен америкалық-ресейлік келіссөздерге қатысқан.
Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі мәмілеге үміткер екі қатысушы, яғни Gunvor трейдерлік компаниясы мен америкалық Xtellus Partners банкінің қатысуына тосқауыл қойған. Reuters дерегіне сәйкес, америкалық билік берген соңғы рұқсат аясында «Лукойлға» шетелдегі активтерін сатуды 17 қаңтарға дейін аяқтау міндеті қойылған.
Ал Bloomberg агенттігі журналистері бұған дейін АҚШ бұл активтердің батыс компаниялары бақылауына өткеніне мүдделі екенін жазған. Сондай-ақ «Лукойл» активтеріне Еуропа мен Таяу Шығыс инвесторлары да көз тігіп отырғаны хабарланған. Мәселен, венгриялық MOL компаниясы Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттарына, жанармай құю бекеттері желісіне, сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжандағы өндіру жобаларындағы үлестерге қызығушылық білдірген.

Back to top button