Ерекше

Үкіметтен талап етеміз – Базарбек жерді тегін беру тетігі қалай екенін түсіндірді

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Мәжілістің ресми парақшасында тікелей эфирге шығып, азаматтардың жер учаскелерін өтеусіз алу тетігін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЖЕРДІ ТЕГІН АЛУ ЖОЛДАРЫ

Депутаттың айтуынша, Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы үш жағдайда жерді тегін алуға құқылы. Атап айтқанда, азаматтарға:

  • жеке тұрғын үй құрылысы үшін — 0,10 гектар;
  • жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін — құнарлы жерден 0,12 гектар, құнарсыз жерден 0,25 гектар;
  • саяжай және бау-бақша шаруашылығы үшін — 0,14 гектар жер беріледі.

«Алайда, өкінішке қарай, Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелері күту тізімі бойынша, яғни арнайы есеп арқылы ғана беріледі. Тіпті учаске босап қалса да, ол бірден үлестірілмейді. Жер кодексінің 43 және 44-баптарына сәйкес, мұндай жерлерге міндетті түрде су және электр желілері тартылуы тиіс. Басқаша айтқанда, жеке тұрғын үй құрылысына арналған аумақтар инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі қажет», — деп атап өтті Бақытжан Базарбек.

ҮКІМЕТ БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫНЫ КӨБЕЙТЕ МЕ

Оның айтуынша, 2022-2023 жылдары 53 мың жер учаскесіне инфрақұрылым тарту үшін 40 млрд теңге бөлінсе, 2023-2024 жылдары бұл мақсатқа тағы 50 млрд теңге қарастырылған. Кейін бюджет тапшылығына байланысты аталған бағыттағы қаржыландыру тоқтатылған.

«Әрине, бұл жеткіліксіз. Алдағы бюджетті талқылау барысында біз Үкіметтен жеке тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржыны арттыруды талап етеміз. Себебі инфрақұрылымсыз, бос жатқан жерлерді жай ғана таратып беру мүмкін емес. Көкшетау болсын, Тараз немесе Талдықорған болсын – азаматтарға кез келген жер учаскесі берілгенде, онда өмір сүруге қолайлы жағдай жасалуы керек. Инфрақұрылым, су мен электр жарығы болуы шарт. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама қажет. Су және электр желілерін тарту мол қаржыны талап етеді. Ал егер бос жерді ғана бөліп берсек, ертең сол азаматтардың өзі наразылық білдіреді. Сондықтан дамыған елдерде жер инфрақұрылымсыз, «таза күйінде» берілмейді», – деп түйіндеді Базарбек.

Back to top button