ЕрекшеСпорт

Бокс федерациясы Әлімханұлының допинг дауы жөнінде тың ақпаратты жариялады

Қазақстанның кәсіпқой боксшысы Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамаcынан тыйым салынған зат анықталуына қатысты іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

ФЕДЕРАЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының мәліметінше, Әлімханұлының допинг-бақылау нәтижелері бойынша В сынамасын ашу уақыты мен күні белгіленген.

Федерация өкілдерінің айтуынша, бұл кезең процессуалдық ашықтық пен спортшы құқықтарын сақтау тұрғысынан айрықша маңызды.

“Халықаралық тәжірибеде В сынамасын талдау тек А сынамасының бастапқы нәтижелерін растау немесе жоққа шығару қажеттілігі туған жағдайда ғана жүргізіледі. Бұл процедура тәуелсіз, аккредиттелген зертханада, барлық хаттамалық талаптар қатаң сақтала отырып жүзеге асады. Оның ішінде спортшы мен мүдделі тараптар өкілдерінің қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. Дәл осы тетік тексерудің объективті өтуіне және кез келген қателік пен субъективті түсіндірулерге жол бермеудің басты кепілі болып саналады, — деп мәлімдеді Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы.

VADA ЖАУАБЫН КҮТІП ОТЫР

Сонымен қатар федерация В сынамасын ашу күнінің белгіленуі ешқандай заңбұзушылықты мойындау емес екенін және алдын ала қорытынды жасауға негіз болмайтынын атап өтті. Бұл халықаралық антидопинг талаптарында көзделген, нақты фактілерді түпкілікті анықтауға бағытталған қалыпты.

Федерация екі сынаманың да ресми қорытындылары шықпайынша, Жәнібек Әлімханұлына қатысты кез келген жария мәлімдемелерге, болжамдар мен бағалау сипатындағы пікірлерге қарсы екенін жеткізді.

В сынамасын ашу күні көпшілікке жария етілген жоқ. Дегенмен федерация Әлімханұлының А сынамасы бойынша VADA-дан әлі де ресми әрі толық жауап күтетінін хабарлады.

МӘН-ЖАЙЫ

Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлының үш бірдей титул үшін өтетін жекпе-жегі қазақстандық боксшыға мельдоний қолданды деген айып тағылуына байланысты кейінге шегерілген болатын. Қазір IBF бұл мәселеге қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Ал WBO жағдайға байланысты өз тергеуін бастап, шешім қабылдау мүмкіндігін қарастыруда.

Back to top button