Тимур Турлов “Транстелекомды” сатып алмақ
Тараптар келісімнің негізгі шарттары бойынша өзара мәмілеге келді, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Freedom Holding Corp. баспасөз қызметі хабарлауынша, мәміле реттеуші мемлекеттік органның мақұлдауына ие болған жағдайда Тимур Турловқа тиесілі құрылымдар “Транстелеком” компаниясын сатып алады.
«2025 жылғы 11 желтоқсанда “Транстелеком” АҚ акционерлері директорлар кеңесінің жаңартылған құрамын бекітті. Бұл өзгерістер компанияны Тимур Турлов құрылымдарына беру процесінің басталуына байланысты енгізілді. Тараптар келісімнің негізгі параметрлері бойынша өзара уағдаласты және енді мемлекеттік реттеушілерден рұқсат алу кезеңіне өтеді», – делінген хабарламада.
Компанияның болашақтағы даму стратегиясын пысықтау біраз уақытты талап етеді. Сондықтан алғашқы кезеңде басшылық құрамына да, қазіргі операциялық модельге де өзгеріс енгізу жоспарланбайды.
“Транстелеком” АҚ – Қазақстандағы ірі байланыс операторларының бірі. Компания телекоммуникация, цифрландыру, ІТ-интеграция, байланыс, автоматика және энергетика салаларында жұмыс істейді. KASE дерегінше, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша “Транстелеком” акцияларының 75%-ы “Unit Telecom” ЖШС-іне, ал 25%-ы “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясына тиесілі.
2025 жылғы ақпанда бизнесмен Нұрәлі Әлиев “Транстелеком” акционерлері қатарынан шыққанын мәлімдеген. Сол айда Jusan Mobile компаниясы “Транстелекомды” (Unit Telecom құрамындағы 51% үлесті) сатып алатынын хабарлағанымен, ол кезде мәміле толық аяқталмады. Осыған байланысты “Транстелеком” директорлар кеңесіне Jusan Mobile-ға аффилиирленген тұлғалар кірген болатын.
Forbes Kazakhstan дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың наурызында “Транстелеком” мен Freedom Telecom арасында сатып алу-сату туралы келісім жасалған. Соның аясында Freedom Telecom компаниясы “Транстелекомға” тиесілі жеті деректер өңдеу орталығын сатып алған болуы мүмкін.