ГеосаясатЕрекше

Зеленский аумақтар мәселесі бойынша референдум өткізу мүмкіндігін жоққа шығармады

Украина президенті Владимир Зеленский бейсенбі күні журналистермен сөйлескен кезінде Ресейге ықтимал аумақтық жеңілдіктер мәселесін Украина халқы шешуі тиіс екенін мәлімдеді.

«Менің ойымша, бұл сұраққа Украина халқы жауап береді. Ол сайлау болсын, референдум болсын – Украина халқы өз ұстанымын білдіруі керек», – деп келтіреді оның сөзін AFP.

Сондай-ақ Зеленский Киевтің АҚШ-қа «бейбітшілік жоспарының» жаңартылған нұсқасын жолдағанын растады. Оның айтуынша, АҚШ қақтығысты реттеу аясында елдің шығысында ресейлік және украиналық әскерлердің арасында демилитаризацияланған «еркін экономикалық аймақ» құруды ұсынып отыр.

«Олар украин әскерлері Донецк облысының аумағынан шығады деп есептейді, ал болжамды ымыра – ресейлік әскерлер бұл аумаққа кірмейді. Ал өздері қазірдің өзінде „еркін экономикалық аймақ“ немесе „демилитаризацияланған аймақ“ деп атап отырған бұл аумақты кім басқаратынын білмейді», – деді Зеленский журналистерге.

Аталған жоспарға сәйкес, Ресей Донецк облысынан немесе Херсон және Запорожье облыстарындағы өз позицияларынан әскерін шығаруға міндетті болмайды, бірақ Харьков, Днепропетровск және Сумы облыстарының өзі бақылап отырған бөліктерінен кетеді.

Бұған дейін Ресей толық ауқымды соғыс басталғалы төрт жыл ішінде басып ала алмаған аумақтарды қоса алғанда, бүкіл Донбасты өз бақылауына алуды көздейтінін мәлімдеген болатын.

Украина көшбасшысының айтуынша, Донецк облысының болашақ мәртебесі мен Запорожье атом электр станциясын бақылау — соғысты тоқтату жөніндегі келісім аясында Вашингтонмен жүргізіліп жатқан келіссөздердегі басты екі даулы мәселе. «Бұл — біз әлі де талқылап жатқан екі тақырып», — деп қосты ол.

Back to top button