ЕрекшеОқиға

«Көп әңгіме шықты»: әкім Сыздықбеков алғаш рет Берденов жайлы үн қатты

Бүгін ОКҚ брифиңінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке бұрынғы орынбасары Руслан Берденов жайлы сұрақ қойылды. Әкімнен журналист «сіз сол кезде (Берденов атылған кезде) неге үнсіз қалдыңыз? Қастандыққа сіздің де қатысыңыз бар деген нұсқаға не дейсіз?» деп сұралды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ

“Мен не деп айтам? Біз құқық қорғау органы немесе сот емеспіз. Жағдай орын алды. Онымен арнайы органдар айналысты. Сот өзінің үкімін шығарды. Кінәлі адамдар өзінің жазасын алды”, – дейді ол.

Ғабит Сыздықбековтің сөзінше, Руслан Берденовке оқ атылар алдында жұмысқа келгеніне бір ай ғана болған.

“Оның су ресурстары, маркетиң мәселесіне ешқандай қатысы жоқ. Маған баспасөз қызметі көрсетіп отырды. Көптеген әңгіме шықты. “Сол кісі келгелі бері қала жарқырай бастап еді” деген. Олай емес. Ол кісінің келгеніне бір ай толар-толмас уақыт өткен. Енді ғана кірісіп жатқан кезі. Ары қарай не болғанын білесіз. Әр адам өз ойына құқылы ғой. “Менің қатысым бар” деген сөз іштен шығарған мәселесі. Менің оған қалай қатысым болады? Адам өзін қорғау үшін не демейді? Сол шешімі шығып, мәселе аяқталды. Сол себепті оны қайта-қайта көтере берудің қажеті жоқ шығар”, – дейді Ғабит Сыздықбеков.

Еске сала кетейік, даулы іс 20 тамызда аяқталған болатын. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайды орта қауіпсіздік мекемесінде 9 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар ол жәбірленушіге 30 АЕК (2025 жылы — 117 960 теңге) көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Бұл істе Руслан Берденов жәбірленуші ретінде танылды. Оған 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанына екі ай толған кезде қастандық жасалған. Шенеунік жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған. Бертінгі бір суретінде Берденов денесінде әлі де оқ қалғанын көрсеткен еді.

ЖИЕМБАЙҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Күдікті Ернар Жиембай қылмыс орнында ұсталып, оған «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша айып тағылды. Іс сотқа 22 шілдеде жолданып, 20 тамызда судья Әбінұр Қарабаев үкімін жариялады.

Ернар Жиембай сол кезде апелляция беруге ниеті жоқ екенін айтқан, бірақ ондай мүмкіндікті жоққа шығармаған. Ал Руслан Берденовтің мүддесін қорғаған Жеңіс Тыныбек жәбірленуші тарапынан апелляция берілетінін мәлімдеген еді. 29 тамызда Руслан Берденов өзінің өтінішімен әкім орынбасары қызметінен кетті.

Back to top button